Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандағы әрбір алтыншы жемқорлықты білім беру саласының қызметкерлері жасаған

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2015
  • 1309

Балаңызға балабақшадан орын алғыңыз келсе, 100 мың теңгеге дейін пара беруіңіз керек. Өткен жылы тіркелген барлық парақорлық қылмыстың әрбір алтыншысын білім саласының қызметкерлері жасаған. Бұл «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің ақпараты. «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен өткен отырыста білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары қаралды. Аталмыш саладағы жемқорлық деңгейі екі есе өсіп, көш бастап тұр. 

Нұротандықтар білім беру саласының біраз былығын ашты. Бұл салада 2013 жылы жемқорлыққа қатысты 145 факті анықталса, өткен жылы 252 оқиға тіркелген. Жалпақ тілмен айтқанда, педагогтар жасаған қылмыс екі есе өскен. Жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес мүшелері саладағы парақорлықтың балабақшадан басталып, магистратураға дейін жалғасатынын айтады. Педагогтар білім мекемелеріне түсудің арнайы кесімді пұлдарын да бектіп қойыпты.

Меруерт Қазбекова, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі:

Балабақшадан орын алғыңыз келсе, 30 мыңнан 100 мың теңгеге дейін төлеу керексіз. Ол аймаққа байланысты. Алматыда баланы бірінші сыныпқа қыбылдау үшін жыл сайын пара алынады. Оның кесімдік пұлы 30 мыңнан басталып, 250 мың теңгеге дейін барады. Мектептерде ата-аналар қорына деген желеумен ақша жинау тыйылар емес.

Меруерт Қазбекованың айтуынша, бірінші кезекте мектеп, гимназия және колледж басшылары бармақ бастылыққа бейім тұрады. Жоғарғы оқу орындарында да диплом, диссертация жазудың бизнеске айналғаны бүгін емес. Ғаламтордағы «ғылыми жұмыс жазып беремін» деген ақылы қызметтен көз сүрінетіні белгілі. Нақты дәлелдермен қаруланған кеңес мүшелері министрлікке нақты тапсырмалар да дайындап қойыпты.

Омархан Өксікбаев, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі:

Министрлікке біз тиянақты тапсырма бермекшіміз. Ең басты - формализмнен нақты іске көшуге және бүгінгі тәртіпке келтірілмеген стандарттарды қалпына келтіру, екінші мәселе - нормативтердің барлығын бекітіп, колеяға дұрыс қойып, одан ешқайда шықпайтындай мүмкіндікті туғызу.

Магистратура мен докторлық білім беру жүйесі де жемқорлыққа желініп отыр. Мектептік олимпиадаларда да орындар оңды-солды сатылып жатыр. «Бұл былықтарға саланы бақылай алмай отырған министрлік айыпты», - дейді кеңес мүшелері. Министрдің өзі соңғы жарты жылда бір де бір азаматтың шағымын тыңдамаған. Меруерт Қазбекованың сөзінше, тіпті депутаттардың өзі Аслан Сәрінжіповтің қабылдауына кіре алмай, босағасынан қайтқан. 


Айгүл ӘДЕПБАЙ