Русский Сайттың толық нұсқасы

Ахметжан Есімов Алматы тұрғындарына есеп берді

  • AstanaTV
  • 20 ақпан 2015
  • 1064

Алматы қаласы әкімінің есебіне халық көп жиналды. З мың адамға арналған Республика сарайында ине шаншар жер болмады. Жайлы креслоға жайғасқандардың арасында лауазымды шенеуніктер, мәжіліс депутаттары, атақты әншілер және қарапайым тұрғындар да бар.

Бірақ, концерт залына қала басшысының есебін тыңдағысы келгендердің барлығы бірдей сыймады. 
Шаһарда былтыр 1 миллон 330 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Алматыда бой көтеруі тиіс 30 айналма жолдың 19 тұрғызылған.

Соның арқасында улы газдың ауаға таралуы 12 пайызға төмендепті. Әкім өз баяндамасын бірден осындай жетістіктермен бастады.

Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:

Алматы қаласы республикалық бюджетке қомақты қаржы құятын қалалардың бірі. Салықтан түсетін кірістің 27 пайызы тек біздің қаламыздан түседі. Бұл Мұнайлы өлкеден келетін көрсеткіштен әлде қайда артық. Шаһарымызда 23 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Ерекше назарымызды жастарға бөліп отырмыз.

Дегенмен залдағы тұрғындарды алаңдататын мәселе аз емес. Олар қоғамдық көліктердің бей-берекетсіздігі, ауыздықталмай тұрған азық-түлік бағасы, су, газ мәселелерін көтерді. Алаяқтарға алданып, қала маңынан жер сатып алған Шұғыла ауылының тұрғындары да табылды. Оларды қала басшысы сабырға шақырды.

Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:

Біз сіздердің жағдайларыңызға түсіністікпен қарауға тырысамыз. Әр дерек бойынша жеке қарап жатырмыз. Ешкімді далада қалдырмаймыз. Бірақ, ол жерде қазық қаққанның бәріне емес, қиын жағдайда қалғандарға ғана көмек қолын береміз.

Сонымен қатар, қоғамда қызу талқыға түскен метро мәселесі де жауабын тапты. Әкім Алматы метросының «Мәскеу» және «Сайран» станциялары үстіміздегі жылдың бірінші жартысында пайдалануға берілетінін мәлімдеді.

Метроның құрылысын жалғастыруға ел қазынасынан 8 миллиард теңге бөлініп қойғанын айтты. Ал, Жеңістің 70 жылдығына ардагерлердің әрқайсысына мемлекеттік бюджеттен 150 мың теңгеден, қалалық бюджеттен 100 мың теңгеден беру жоспарланған.

Берік ХАСЕНОВ