Русский Сайттың толық нұсқасы

ҰКП: Ауқымды жобалар құрылысына Ресейдің арзан материалдары пайдаланылуда

  • AstanaTV
  • 20 ақпан 2015
  • 857

Рубльдің құнсыздануы біздегі көлік құрастыру саласын ғана емес, құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын кәсіп иелерін де тақырға отырғызуы мүмкін. Өйткені көптеген құрылыс компаниялары Ресейдің арзан материалдарын тасуға жаппай көшіп жатыр, тіпті ауқымды құрылысқа да өзге елдің өнімін пайдалану жаппай етек алды. Отандық өндірушілер осылай дабыл қағуда. 

Бауыржан Баймұқанов, құрылыс материалдарын өндіруші зауыт басшысы:

Қазір отандық тауарларды пайдалану керек деген талапқа қарамастан, үлкен жобаларға, тіпті «ЭКСПО-2017» жобасына да көбіне Ресейдің, Санкт-Петербордың кірпіші, керамика т.б. құрылыс материалдары пайдаланылуда. Біздің өніміміз экологиялық жағынан да таза, сапасы да жоғары.

Қазір Астанадағы экологиялық бетон шығару зауытында дайын өнімдер қоймада тау болып үйілген. Сатып алушы жоқ. Сапалы болғанымен, отандық өнім баға жағынан Ресейдікімен бәсекелесе алмай тұр. Зауыт қожайынының айтуынша, мұның зардабы ауыр болатын түрі бар. Өйткені бұлай жалғаса берсе, 220 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін. Бұл бір ғана мысал. Жағдайдан кәсіпкерлердің ұлттық палатасы да хабардар.

«Құрылыс индустриясы күрделі кезеңді бастан өткеруде, бұған рубль құнының түсіп кетуі тікелей әсер етті. Цемент, газобетон, кірпіш пен металл конструкцияларын өзіміздегі өндірушілерден емес, Ресейден сатып алған тиімді болып тұр. Бұған қол қусырып қарап отыруға болмайды». Осындай пікірді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев білдірді.

Рахым Ошақбаев, «Атамекен» ұлтық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

Мемлекет басшысы ірі мемлекеттік бағдарламалар бірінші кезекте жұмыс орындарын көптеп ашуға бағытталуы тиіс екенін қадап тапсырды. Осы ретте қазақстандық мердігер компаниялармен тез арада келісімдер жүргізілуі керек. Яғни олар, қымбат болса да, өз өнімдерімізді сатып алуы тиіс. Отандық материалдар сапалы, әрі мердігер компаниялардың өз экономикамызды дамытуға жұмыс істегені маңызды. Осылайша олар өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін орындайды. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА