Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда жүк пойызының 7 бірдей тіркемесі жолдан шықты

  • AstanaTV
  • 20 ақпан 2015
  • 1305

Апаттан кейінгі ахуал! Жамбыл облысында күкірт қышқылы тиелген жүк пойызының жолдан шығып кетуінен күкірт төгілген. Осыған орай Тараз қаласында жергілікті масштабта төтенше жағдай жарияланды. Кеше кешкісін химиялық ерітіндіге толы 15 вагон тіркеген поездың жетеуі жолдан тайып кетті. Ал мамандар, ауаға тараған улы заттың мөлшері әдеттегіден екі есеге көп деп, дабыл қағып отыр.

Темір жол көлігі - Ресейден Тараздағы «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытына бет алған екен. Апат болғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда оқиға орнына жақындау мүмкін болды. Дегенмен аймақтағы әріптесім мамандармен тілдесіп көрді. 

Тараз маңында тіркеме толы күкірт қышқылы төгіліп, төтенше жағдай өкілдерін табанынан тік тұрғызды. Оқиға қасқарайған уақытта Тараз қаласынан бірнеше шақырым жердегі «Шайқорық» пен «Бұрыл» станцияларының арасында болған. Химиялық улы зат жолдан шыққан жеті вагонның үшеуінен төгіліпті.

Талғат Сабыров, Жамбыл облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

Күкірт қышқылы төгілген жердің көлемі 500 шаршы метр болып тұр. Зиянды сұйықтың әсерін азайту үшін, «Қазфосфат» жұмысшылары қышқыл төгілген топыраққа әк жағып, рекультивация жұмыстарын жүргізіп жатыр. Адам шығыны болған жоқ. Уланған адамдар да жоқ.

Қазір абыр-сабыр болған жерде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Тараз қаласының әкімі осы аумақта төтенше жағдай жариялады. Апат орнын қалпына келтіру, тазарту жұмыстарына 200 адам жұмылған. Ал ауаға тараған химиялық зат мөлшері мамандарды шошытып отыр.

Даниярбек Атауоллаұлы, Жамбыл облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

Күкірт қышқылы төгілген. Одан бөлінетін күкірт су тегі ауаға тарайтын пар болып шығып жатыр. Сол екі жарым-үш болып шығып жатыр. Қазір төгілген жерде ғана қауіпті болды. Атмосфералық сынама алынып, нәтижесінде 2,5 есе нормадан асқаны байқалды. Күкірт сутегінің өзінің нормасы бар 0,08 деген. Асып кетсе, адамға, жан-жануарға зиян келуі мүмкін.


Мамандар ауадағы күкірт сутегі мөлшері 2 жарым есе көп дейтін жөні бар сияқты. Өйткені станция аспанын қара-қошқыл бұлт жапқан. Соңғы кезде Жамбылда жүк пойызының жолдан шығуы жиіледі. Бұл жыл басынан бергі ең ірі екінші апат саналады. Естеріңізге сала кетейік, 6 қаңтарда Жуалы ауданында 54 тіркемелі жүк пойызының 12 вагоны рельстен шығып, 5 вагоны бірден аударылған болатын.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ