Русский Сайттың толық нұсқасы

Ардагерге құрмет

  • AstanaTV
  • 23 ақпан 2015
  • 1466

Олар Отан үшін от кешпесе де, тылда тер төгіп, зарықтыра күткен жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Ер жеткесін де, майдан жылдары тұралаған шаруашылықты қайта қалпына келтіруге күш салды.

Біздің келесі материалымыз мылтықсыз майданның батырларының бірі - Құрмашев Кәрім туралы. Сексеннің сеңгіріне шыққан полиция подполковнигі әлі күнге өнегелі ісімен үлгі. Балалық шағын соғыс жалмаған Кәрім Сағынғалиұлы еңбекке ерте араласқанын айтады.

Есепке жүйрік жігітке Ішкі істер органдары назар аударып, кейін жұмысқа шақыртыпты. Таразыдан жегендер мен қазына қаржысын қымқырғандарға қаны қас ол тергеу бөлімінде ұзақ жыл еңбек еткенін мақтан етеді

Оның қырағылығы мен мұқияттылығын әріптестері әлі күнге жыр қылып айтады.

Жайлыбай Адаев, БҚО ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Доғдырлардың рецептілерін ешкім түсіне алмайды ғой. Кейбір тергеушілер бар, сол сияқты жазатындар. Бұл кісінікі кәдімгі ап-анық, буква-буквасымен кәдімгі, солай жазылады. Ешкім оған претензия қоя алмады, мен түсіне алмадым жазғаныңды. Түсінбедім, көрмедім, оқи алмадым дегендей...

Дархан Темірғалиев, БҚО ІІД Кадр жұмысы басқармасының аға инспекторы:

Көптеген жас мамандарға өзінің тәлімгерлік білген өмірдегі тәжірибелік түйгендерінің барлығын үйретіп келеді. Бұл кісімен Ішкі істер органдарына өзім келгелі тығыз байланыстамыз, әрдайым білмеген кемшіліктерімізді осы кісіден сұрап, біліп, тәлім-тәрбие алып отырамыз.

Кәрім Сағынғалиұлы зейнетке шыққасын да, қызметін жалғастырды. Кез-келген шаруашылықтың есеп-қисабын жетік білетін ол, бір кездегі Қаржы полициясында да кеңесші болды. Түрлі шытырман қылмысты ашқан тергеушінің басынан кешкендері бір кітапқа жүк боларлықтай.

Кәрім Құрмашев, тыл ардагері:

Сот жүріп жатқанда ұйықтап отырған көрінеді, содан қасындағы қорғаушысы: - ойбай, тұр. Саған 6 жыл берді десе, маа, сот бітті ме, шай ішіп алайық, шай ішіп алайық деп айтады дейді... Сонда шәй ішіп алу уайым болып тұр ғой...

Сексеннің сеңгіріне шықса да, полиция подполковнигі өз көлігін өзі жүргізеді. Өйткені, өз ісін біреуге міндетсіну оған қашанда жат. Бұл оның өмірлік ұстанымына айналған дейді өмірдің ащысы мен тұщысын бірге бөліскен зайыбы.

Мәрия Исмағұлова, зайыбы:

Жас кезінде бүкіл аудандарға командировкаға кетеді. Сосын баяғы Кәрім бар, сол жүреді. Рахмет қартыма! Бір ренжіскен жоқпыз.

Қазір Кәрім ақсақал Ішкі Істер департаменті жанындағы Ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі. Отбасында шөбере сүйген бақытты жандар қатарында.

Еркін КАРИН