Кәсіпқой
бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин қарсылас шақ келтірер емес. Монте-Карло
қаласында өткен бокс кешінде қазақстандық былғары қолғап шебері-Ұлыбритания спортшысы
Мартин Мюррейді 11-ші раунда нокаутпен жеңді.
Геннадий
Головкин жанкүйерлер сенімін толығымен ақтады. Үш тұжырым бойынша чемпиондық
белбеулердің иесі өз мықтылығын тағы бір дәлелдеп берді. Монако патшалығында өткен
кәсіпқой бокс кешінде Қарағандылық саңлақ-Ұлыбритания спортшысы Мартин
Мюрреймен қолғап түйістірді.
Кездесу басынан қарсыласына ауыр соққыларын дарыта
білген отандасымыз-Мюррейдің бас көтеруіне мүмкіндік бермеді. Салдарынан ағылшын
спортшысы төртінші раундта екі мәрте нокдаун алды.
Бірақ, табандылығымен танылған
Мюррей тез есін жиып кездесуді жалғастырды. Дегенмен, 10-шы раунда Головкиннің
тағы бір жойқын соққысына тап болған ұлыбританиялық рингте сұлап түсті.
Төреші
сегізге дейін санағанша орнынан тұрған Мюррей шыдап бақты. Ал 11-ші раунд
басындағы Головкиннің шабуылына қарсы тұра алмаған Мюррейдің дәрменсіз екенін көрген
алаңдағы қазы кездесуді тоқтатты.
Сонымен 32 жекпе-жекте ұтылып көрмеген
Геннадий Головкин чемпиондық белбеулерін сақтап қалды. Қазақстандық спортшының
ендігі мақсаты: Бүкіләлемдік бокс кеңесінің чемпиондық белбеуін иелену. Алтын белбеу әзірге Пуэрто-Рикалық Мигель
Коттоның еншісінде.
Самат ҚАНАҒАТОВ