Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның СІМ Омбы және Солтүстік Қазақстан облыстарының жер айырбастау туралы мәселесіне қатысты түсініктеме берді

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2015
  • 1213

Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресейдің Омбы облыстарының жер айырбасы мәселесіне қатысты түсініктеме берді. Министрліктің ресми сайтында жарияланған ақпарға сай, «Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараны бөлу мәселесі шекараны демаркациялау бойынша Бірлескен Қазақстан-ресейлік комиссияның құзыретіне жатады.

Ал, Ресей тарапынан комиссияға мұндай ұсыныс түспеген. «Егер ұсыныс түссе, мәселе қалыптасқан келіссөздер мен халықаралық тәжірибеге сәйкес қарастырылады»,- делінген хабарламада. Әңгіме көрші елдің «Русская поляна» ауданы туралы болып отыр.

Аудан орталығы мен Омбы арасындағы жолдың 10 шақырымы Қазақстан арқылы өтеді. Солтүстік Қазақстан мен Омбы облысы басшыларының ресми кездесуінде Омбының  губернаторы осы 10 шақырымдық жолды Ресейліктердің иелігіне беруді өтінді.

«Қазір екі ел арасында демаркация жүріп жатыр. Әзірге бұл жолмен қатынауға мүмкіндік бар. Ал шекара нақтыланып, екіге бөлінген соң, «Русская поляна» ауылына баратын жол үзіледі»,- деді Омбы губернаторы.

Виктор Назаров, Омбы облысының губернаторы:

Бұл мәселе назардан тыс қалмау үшін ортақ хатқа қол қойып, ортақ комиссия құрамыз. Бұл біз үшін өте маңызды. Демаркация біткеннен кейін аудан орталығымен қатынас үзілуі мүмкін. Қазір қажет құжаттарды әзірлеуге көшеміз. Меніңше, қос елдің үкіметі біздің пікірімізді маңызды деп табады.

Абзал ҚҰРМАНКИН