Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз Кеңес Одағының батыры қалды

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2015
  • 2911

Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ғана Кеңес Одағының батыры қалды. Ол - Алматы облысының тұрғыны Иван Косенков. 91 жасқа келген қарт майдангер Жеңістің 70 жылдық мерекесіне қызу дайындалып жатыр. Батырдың үйінде болып, алдағы шараға әзірлігін біліп қайтқан әріптесім Берік Хасеновтың бейнематериалы. 

Иван қарияға Кеңес Одағының батыры атағы Украинаның Днепр өзені бойындағы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін берілген. Оның сұрапыл соғыстағы жанқиярлық ерлігі еленбей қалмады. Елбасы қолынан «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордендерін де алған. Ресей мен Украина билігі де жыл сайын құттықтап тұрады. «Қан майданда арпалысты бастан кешкен күндер әлі күнге санамда жаңғырып тұр», - дейді қарт жауынгер.

Иван Косенков, Кеңес Одағының батыры, ҰОС ардагері:

Біз ештеңеден қорыққан жоқпыз, тек біздің жанымыздағы адамдардың ажал құшып жатқаны жанымызға батты. Бір-екі сағатқа атыс тоқтаған кезде ғана, олардың денесін жер қойнына тапсыруға мүмкіндік болды.

Он сегіз жасында от пен оқтың ортасына түскен ол соғыста 3 рет жараланған. Дегенмен қазір денсаулығына шағымы жоқ. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, ардагер үнемі бақылауда.

Біржан Құмаров, Қаратал аудандық ауруханасының директоры:

Иван Васильевич күнделікті аурухананың бақылауынан патронаж жасалып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеміз. Ол кісіден басқа да Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне де барып, барлығымен хабарласып, керек кезде медициналық көмек көрсетіп тұрамыз.

Ерен ерлігімен елінің құрметіне бөленген майдангердің есімі Үштөбе қаласындағы көшелердің біріне берілген. Кеңес Одағының батырын жерлестері мақтан тұтады.

Иа, танимыз, жақсы білеміз. Мына жердегі көк үйде тұрады. 

Біз осы көшеде тұрғанымызды өте мақтан тұтамыз.

Қаланың қақ ортасында орналасқан №13 мектепте Иван Косенковқа арналған арнайы бұрыш та бар. Бүгінде Үштөбе қаласында Ұлы Отан соғысының 9 ардагері бар. «Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» бағдарламасы аясында олардың біреуіне пәтер сыйламақ. Ал қалғандарына Жеңіс күні «Нива» көлігін сыйлауды жоспарлап отыр.

Берік Абақов, «Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Келешекте бұл шарамен тоқталып жатқан жоқпыз. Әр апта сайын өзіміздің мәслихат депутаттары, өзіміздің бизнесмендеріміз, әр қауқарлы азаматтарымыз өздерінің қолдарынан келгенше - теледидар, соңғы маркалы тоңазытқыштарды, қолдан келгенше, беріп жатыр. Біз осыны болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие үшін жасап жатқан дүниеміз.

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Иван Косенковты Украинадағы ұрыс болған жерлерге апару жоспарланған. Бірақ кәріліктің кесірінен және денсаулығына байланысты ардагер алыс жолдан бас тартты. Қарт майдангер «ешқашан соғыс болмаса екен» деп тілейді.

Иван Косенков, Кеңес Одағының батыры, ҰОС ардагері:

Для народа пожелание у меня такое: чтобы всегда был мир и дружба народов. Я желаю, самое главное - хорошей жизни.

Бүгінде ел аумағында бес мыңнан аса Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Ал сол соғыстағы ерлігі үшін батыр атағын алған отандастырымыздың арасынан көзі тірі - бір өзі қалған Иван атай Жеңістің 70 жылдығына орайластырылған Мәскеудегі үлкен парадты телеэкраннан тамашалайтынын айтты.

Берік ХАСЕНОВ