Русский Сайттың толық нұсқасы

Аймақтардағы бастауыш партия ұйымдары ХVI кезекті съезге қатысатын делегаттарды таңдауды бастады

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2015
  • 1695

«Нұр Отан» партиясының ұсынысымен биылғы жыл бастапқы партиялық ұйымдар жылы болмақ. 26 ақпанда ел Президенті, партияның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев саяси ұйымның ХVI кезекті съезін наурыздың 11-де өткізу туралы қаулыға қол қойды. Қазір әр өңірде партияның аймақтық филиалдарының конференциясына делегаттарды таңдау жұмысы басталды. 

Тобыл өңірінде бастауыш партия ұйымдары ХVI съезге қатысатын үміткерлер тізімін бекітуге кірісті. Аймақтағы фермерлер қауымдастығы алғашқылардың бірі болып жиын өткізіп, өз аттарынан қос белсенділерін ұсынды. Соның бірі - Жетес Амантаев. Ол - қауымдастықпен қатар бастауыш партия ұйымына төрағалық етеді. Қауымдастық құрамында өңірдің 751 фермері бар. Оның отызға жуығы - «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Жетес Амантаев, «Қостанай облысының фермерлер қауымдастығы ҚБ» бастауыш партия ұйымының төрағасы:

Қазіргі бағдарламалардың бәрі даму жағына бағытталған. Біраз қаржы бөлініп жатыр. Бүкіл ауыл шаруашылық саласы осындай саясатты қолдайды. Сондықтан біз бүгін жиналыс өткізіп, қалалық конференцияға қатысатын екі үміткерді таңдадық.

Батыс Қазақстан облысында да аудандық партия конференциясына қатысатын делегаттар іріктелуде. Бүгін облыстың Зеленов ауданындағы «Краснов» бастауыш партия ұйымы делегаттарды сайлады. 115 адамнан тұратын бастауыш партия ұйымының мүшелері бір ауыздан облыстың ең үздік комбайншысы деп танылған, қатардағы механизатор Болат Бегалиев пен шаруа қожалығының басшысы Бейбіт Асановты қолдады. Делегаттар өздеріне мұндай жауапкершілік жүктелгеніне алғыс білдірді. Олар партия жүктеген міндетті атқаруға қашан да дайын екендерін жеткізді.

Бейбіт Асанов, БҚО Краснов ауылдық округі бастауыш партия ұйымының мүшесі:

Маған мұндай бақыттың бұйырғанына өте қуаныштымын. Партиялас серіктерім мені аудандық партиялық конференцияға қатысуға лайық деп тапты.

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында 259 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Қазір өңірде «Нұр Отан» партиясының 25 686 мүшесі бар.

Ал Ақтөбеде бастауыш партия ұйымдары «Автопарк» серіктестігінде еңбек ететін Ақарыс Тілеулесовке дауыс берді. Он жыл бойы аталған мекемеде талмай еңбек етіп келе жатқан ол қазір кадрлар бөлімінде жетекші. Сонымен қатар қоғамдық жұмысқа да белсенді араласады, әрі «Нұр Отан» партиясына мүше. Қазір бастауыш партия ұйымының төрағасы қызметін де абыроймен атқарып жүр.

Ақарыс Тілеулесов, Ақтөбе қаласы «Нұр Отан» партиясы филиалы бастауыш партия ұйымының төрағасы:

Қалалық қарттар үйінде «Ардагерлерді ардақтайық» бағдарламасы бойынша, «Бақытты балалық шақ» бағдарламасы бойынша «Алға» балалар үйінде көптеген қоғамдық шаралар жүргіздік. Көптеген көмек көрсетілді. Қазіргі таңда біздің партиялық мүшелерімізде 86 мүшеге толды.

Еске салсақ, бүгінде ел көлемінде партияның 850 мың мүшесін жұмылдырған 5600-ге жуық бастауыш ұйымы бар. Демек, Қазақстандағы әрбір тоғызыншы адам - сайлаушы. Бастауыш ұйымдардың 60 пайызы ауылды жерлерде және 40 пайызын әйелдер басқарады.

11 наурызда Астанада өтетін «Нұр Отан» партиясының кезекті съезіне барлық өңірден 1200-ден астам делегат қатысады. Белсенділер қатарында депутаттар, жүзге жуық ардагер, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері болады. 

Мансұр ЕСҚОЖИН