Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның аймақтарында Жеңістің 70 жылдығына арналған шаралар басталып кетті

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2015
  • 1468

Қарағандыда басталған «70 жылдыққа - 70 күн!» акциясы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлері жастарға «Бейбітшілікті сақтаңдар!» деген үндеу жолдады. Үндеу мәтіні бүгін салтанатты түрде арнайы капсулаға салынды. Енді жауынгерлік аманат Ұлы Отан соғысының 100 жылдық мерейтойына дейін Қарағанды облысының тарихи-өлкетану мұражайында сақталады. Сондай-ақ, мәңгілік алаудан от алған топ облыстың барлық аймақтарын аралауға аттанды.

Акция барысында сондай-ақ ардагерлерді мадақтау шаралары әрбір он күн сайын ұйымдастырылып тұратын болды. Бұл ерекше шара 9 мамырға дейін жалғасады. Оған үш жүзден астам соғыс ардагері қатыспақ.

Мағзұм Ақыбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Құрметтеп, осы сияқты сый көрсету - үлкен құрмет. Үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтай азаматқа ұзақ ғұмыр тілеймін. Осы сияқты қазақ халқын сүйген азаматтар көбейе берсін.

Шымкентте белсенді жастардың ұйытқы болуымен «70 күн - 70 игі іс» атты шара өтті. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ешкім ешқашан да ұмытылмайды» ұранымен арнайы алау тұтандырылды. Фото-плакаттар көрмесі ұйымдастырылды. Қырықтан астам кескіндемеде Отан үшін от кешкен майдангерлер бейнеленген. Жас ұрпақты қанаттандыратын патриоттық сөздер де жазылыпты.

Еркебұлан Нарбаев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ жастар орталығының директоры:

Бұл іс-шараның негізгі маңыздылығы - сонау сын сағаттарда, сұрапыл соғыс заманында аталарымыздың, әжелеріміздің ерліктерін біз жастар әрқашан ұмытпаймыз. Және соны ұлықтаймыз. 

Айжан ҚУАШ