Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда студент қыз екпеден кейін есінен танып қалды

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2015
  • 916

Қостанайда қызылшаға қарсы екпеден соң, өзін жайсыз сезініп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан студенттің әкесі Баймұрат Ахметбеков дәрігерлердің шешімімен келіспейді. Бүгін ол облыстық денсаулық сақтау басқармасынан жағдайдың мән-жайын түсіндіруді сұрады.

Қостанайдағы жасөсіпірімдерге 19 ақпанда қызылшаға қарсы вакцина егілген. Әкесінің айтуынша, қызы Қолқанат Тоқтар екпе қабылдаған соң денсаулығы күрт нашарлағанына шағымданған. Тіпті есінен танып, ауруханаға жеткізіліпті. Науқастың әкесі: «Дәрігерлердің қойған диагнозы қате», - дейді. Соның салдарынан  «қазіргі қабылдап жатқан дәрі-дәрмек кері әсерін тигізе ме» деп алаңдаулы. Баймұрат Ахметбековтың айтуынша, әу баста дәрігерлер «менингоэнц», яғни мидың қабынуы салдарынан жұлынға зақым келуі мүмкін деген диагноз қойған. Бірақ бойжеткеннің ата-анасы бұл диагнозды қате санайды.

Баймұрат Ахметбеков:

Баламның жағдайы өте нашар. Қазір міне бәлніске кіріп шықтым. Өздері екті, өздері нетті. Енді маған «дәрі сатып әкел» дейді. Бастапқы дәріні алып бердім. Бірақ оны қай диагнозбен емдеп жатқанын тағы білмейміз. Бізге айтқаны «менингит» дейді. Кішкентай кезінен ауырмаған адамға қайдан менингит келуі мүмкін. Бұл екпеден кейін болған жағдай.

Дәрігерлер Қолқанат екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, ем қабылдағанын, қазір инсульт бөлімшесіне жеке палатаға шығарылғанын жеткізген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері әзірге диагноз жөнінде ұйғарым жасай алмай отыр. «Дегенмен компьютерлік томография қорытындысы бойынша менингит белгілері жоқ. Ал Қолқанат екпе алған университеттің медициналық орталығында тексеріс жүргізуге құзыр жоқ», - дейді басқарма басшылығы.

Гүлшат Байжұманова, Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:

Қыз бала ауырып қалған соң, оған вакцина салынған. Одан кейін өзін нашар сезінсе де, дәрігерге дереу қаралмаған. Ауылға барып, жергілікті фельдшер жазып берген тұмауға қарсы дәрілерді қабылдап жата берген. Әулиекөлден облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түскен күннің ертеңінде есін жинады, мен өзім сол күні науқаспен әңгімелестім. Бұл екпеден бе, әлде дәріден аллергия болған ба - ол белгісіз. Ал екпе салған дәрігерлердің ісі қаншалықты заңды, оны анықтаймыз.

Заңғар САНАЙ