Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекулік су перісі тағы да бұзақылардың құрбаны болды

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2015
  • 1264

Павлодардағы су перісінің мүсіні тағы да бұзақылардың құрбанына айналды. Бұл жолы тас мүсін едәуір зақымданған. Мамандар оны тұғырынан алып тастауға мәжбүр болды. Қазір ескерткіш «Горкомхоз» кәсіпорнының қоймасында тұр.

Жағажайдың көркіне айналған су перісінің қазіргі кейпін тану қиын. Басы сынып, бет-әлпеті әбден бүлінген ескерткіш енді осы қойманың бұрышын паналамақ. Тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы бөлімінің мамандары ескерткіштің қаланың балансына өтпегенін айтады. Сондықтан, әзірге жөндеу мәселесі де шешілмеген.

Қайта-қайта жөндеуден өткізіп, ары-бері тасығаннан шаршадық. Тағы да өңдеп, орнына қоямыз. Бірақ, кезекті рет бұзақылардың құрбанына айналмасына кім кепіл?! Сондықтан, аумаққа бақылау камерасын қою мәселесін көтерген жөн.

Ертіс өзенінің жағасына орнатылған су перісінің мүсіні осымен бірнеше рет шабуылға ұшырады. Алғашында әлдекімдер көзін шұқып, денесін кескілеген соң ескерткішті қайтадан құюға тура келді. Алайда, жаңарған ертегі кейіпкеріне тап бергендер тиылар емес.

Су перісі ұзын саны үш рет тұғырынан құлатылды. Соңғы рет бұл жағдай ақпанның 22-сінде қайталанған. Сол кезде де мамандар маңайға бақылау камерасын орнату қажеттігін айтқан еді. Бұл оқиғаға қатысты полицейлер қандай да бір түсінік бермеді.

Әсем МҰХИТОВА