Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматының бұрынғы қаржы полициясын басқарған шенді құрықталды

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2015
  • 1037

Ірі көлемде мемлекет қаражатын қымқырғаны үшін тағы бір күдіктілер тобы әшкере болды. Бұл жолы Алматыдағы қаржы полициясын ұзақ жыл басқарған Әмірхан Аманбаев пен оның сыбайластары құрықталып отыр. Ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, бюджет қаржысын талан-таражға салды деген күдікпен бірнеше адам ұсталып, Алматыдағы уақытша абақтыға қамалды. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарат агенттігі хабарлап отыр.

«Кеше, яғни 2-наурыз, сағат 22.00-де, қылмыстық топ жетекшісін ұстау операциясы өтті», - деп хабарлады агенттік. Әмірхан Аманбаевты құрықтау кезінде, ол өзін жайсыз сезініп, дәрігер шақыртуға тура келген. Алдын ала деректер бойынша, қылмыстық топ жалған кәсіпорындар құру арқылы, мемлекет қаржысын өз пайдаларына жаратқан. Осы уақыт аралығында күдіктілер қазынаға 60 млрд теңге зиян келтірген. Ал 14 млрд теңге салықты айналып өткен, делінген ҚазТАГ ақпаратында.

Әмірхан Аманбаев 55 жаста. Генерал-майор бұған дейін Қостанай және Қарағанды облыстарының прокуроры, Әділет министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. Алматыдағы экономикалық және сыбайлас қылмыстарға қарсы департаментті 2012-2014 жылдары басқарды. Қаржы полициясы өткен жылы таратылған соң, Аманбаев Бас прокуратураның Алматыдағы департаментін басқарды. Осы дерек бойынша біз Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінен түсініктеме күтіп отырмыз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ