Русский Сайттың толық нұсқасы

«Рахат» фабрикасында жұмысшыларды ақы төленбейтін демалысқа жіберу жағдайына қатысты әкімшіліктің айтары бар

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2015
  • 1453

«Алматыдағы «Рахат» кондитерлік фабрикасында 500 қызметкер жұмыстан қысқарды» деген ақпарат жалған болып шықты. Бұл туралы Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері бүгін ақпарат құралдары өкілдеріне мәлімдеді.

БАҚ беттерінде пайда болған ақпараттан кейін құзырлы орган «Рахат» компаниясына ресми сауал жолдаған. Келген жауап хатта бірде-бір қызметкер жұмыстан қысқармағаны жазылған, дейді. Басшылық, жұмыста жоқ адамдар тиісті арыз арқылы демалыс алғандарын, көрсетіпті. Мысалы, 35 әйел адам жүктілігіне қатысты, 360 адам бала бағуға байланысты, 202 адам отбасылық жағдайына және 3 адам оқуына байланысты арыз жазып, демалыс алған. Одан бөлек осы аптаның басынан бері 286 адам қысқа мерзімді демалысқа кеткен.

Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айдынжан Нарматовтың айтуынша, 3 мыңнан аса қызметкері бар фабрикада бұл қалыпты жағдай. «Бірақ адамдар жұмыссыз қалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды», - дейді. 

Айдынжан Нарматов, Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

Бұқаралық ақпарат құралдарында жалпы 500 адам жұмыс орыннан босады деген, ол шындыққа жанаспайды. Бізге ресми түрде бірінші басшысынан хат алынды қолымда, енді өмір болғаннан кейін, көп жағдай болады, біреу бір жылдық отпускасын алады, біреу жаңағы бала күтімімен, біреуі жүкті әйел, біреу оқуға барады. Ал былай жұмыстан босатылып жатыр деген адам жоқ. Жұмыс қысқартылды деген, ондай жоқ.

Еске салайық, дүйсенбіде бірқатар БАҚ беттерінде «Рахат» фабрикасының 500 жұмысшысы ақы төленбейтін демалысқа жіберілді деген ақапарат жарияланған болатын. Онда қызметкерлерді қысқартуға Қазақстан нарығына Ресейден арзан тауарлардың келуі себеп болғаны айтылған еді. Соның кесірінен қаңтарда компания сатылымдары 20 пайызға, ақпанда шамамен 35 пайызға төмендеді деген мәлімет көрсетілген болатын.