Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысының мектептерінде ҰОС ардагерлері туралы деректі фильм көрсетілімі басталды

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2015
  • 2098

Қызылорда мектептерінде «Жеңіс Солдаты» атты деректі фильмнің көрсетілімі басталды. Үш циклдан тұратын фильмді жергілікті журналистер түсірген. Бүгін қала мектептерінің бірінде өткен танытымға фильмнің бас кейіпкерлері - ардагерлер де шақырылды. 

Тарихи деректерге сенсек, Отан қорғауға Қызылорда облысынан жүз елу мыңға жуық майдангер аттанды. Оның үш жүзі сол қан майданда қаза тапты. Қазір өңірде 92 қарт майдангер қалған. Қариялардың айтуынша, сол майданнан оралмаған миллиондаған солдаттардың ерлігін кейінгі ұрпақтар еш ұмытпауы керек. 

Ыдырыс Қалиев, ҰОС ардагері:

Сталиннің сөйлеген сөзінен кейін, бүкіл Қызылорда көтеріліп, осы күнгі Амангелді кинотеатрының маңайына он жеті мың адам алаңға жиналған болатын. Жас балалар барлығы да көтеріліп, арқайсысы «соғысқа аттанамыз», «соғысқа барамыз», «Гитлерді, фашизмді жеңеміз» деген ұрандар тастап, топтар құрған болатын.

Жеңістің 70 жылдығына орай ардагерлер туралы кітап та жарыққа шығады. Мектеп оқушылары болса, құрметті қонақтарына арнап концерттік бағдарлама ұсынды. Сонымен қоса әр мектеп ардагерлерді өз қамқорлығына алған. 

Аслан Әлімхан, Қызылорда қаласы № 264 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы:

Бұл дүниежүзіндегі тыныштықтың, Жеңістің мейрамы. Осы аталарымыздың арқасында тату-тәтті ашық аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Осы қарт кісілеріміз азайып бара жатыр. Соларға қолдау, көмек көрсетіп, әрқашанда демеп, сыйлап, құрметтеп жүре берейік. 

Шарипа САҚТАПОВА