Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттікке үміткерлер лингвистикалық комиссия сынағынан өтеді

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2015
  • 1584

Президент болудан үміткер кандидаттар қазақ тілін меңгеру деңгейін дәлелдеу үшін шығарма жазып, мәтін оқиды және шешендік сынағынан өтеді. Орталық сайлау комиссиясы жанындағы лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, берілетін тапсырмалар қазірдің өзінде бекітілген.

Атап айтқанда, кандидаттар Абай, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов секілді ақын-жазушылардың туындыларынан үзінді оқып, ауызша мазмұнын айтып беруі тиіс. Сондай-ақ, белгілі бір тақырыпта көлемі екі бетті құрайтын шығарманы бір сағат ішінде жазып беруі керек. Үміткерлердің мәтін оқуда мәнерді сақтауы, сауатты оқу шеберліктері де тексеріледі. Айта кетейік, лингвистикалық комиссияның құрамында білікті тіл мамандарынан құралған 5 адам бар. 

Мырзатай Жолдасбеков, ОСК жанындағы лингвистикалық комиссия төрағасы:

Осы жерде отырып, талдап, табысы қайсы, кемшілігі қайсы, қай жерін айта алмады. Бұл өзі президент болуға лайық па, жоқ па? Бұл өзінің мемлекеттік тілін меңгерген адам ба, жоқ па? Өзінің мемлекеттік тілін бағалайтын адам ба, жоқ па? Соған байланысты біз қорытындымызды шығарамыз.

Бүгін Мырзатай Жолдасбеков 2011 жылы өткен сайлау қарсаңындағы лингвистикалық комиссия жұмысын да еске алды. Ол кезде президенттікке үміткерлер саны едәуір көп болған. Кандидаттардың арасында көріпкелдер, жоғары білімі жоқ азаматтар мен құқық қорғаушылар болды. "Тіпті үміткерлікке тіркелу үшін төленетін 800 мың теңгенің орнына "сексеуіл" өткізбек болған адамдар да кездескен",- деп еске алды комиссия төрағасы.

Мырзатай Жолдасбеков, ОСК жанындағы лингвистикалық комиссия төрағасы:

Бір кісілер, биыл енді бір миллион алпыс мың төлеу керек қой енді. Ол жылы 800 мың теңге еді. Сонда мен мынаны төлейтін ақшам жоқ, мынаның орнына сексеуіл өткізсем бола ма деді. Ал бір кісі, мен әдейі келдім, 800 мың төлейтін ақшам жоқ, сіздер жәрдем беріңіздер деп, бізден жәрдем сұрап келді. 

Жұрағат БАМАН