Русский Сайттың толық нұсқасы

Ерлан Карин: Президенттік сайлау - жәй тактикалық қадам емес, жағымсыз сценарийлерге төтеп беруге бағытталған стратегиялық шешім

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2015
  • 1788

Биылғы Президенттік сайлау - тактикалық қадам ғана емес, жағымсыз сценарийлерге төтеп беруге бағытталған терең стратегиялық шешім. Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Карин осылай деп санайды. 

Бүгін Астанада «Президенттік сайлау 2015 - ғаламдық сынақтардың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған еліміздің белді сарапшылары қатысып, жаһандық геосаяси, экономикалық сынақтар мәселесін, Қазақстанның ішкі қоғамдық саяси жағдайын сөз етті. Ерлан Карин Орталық Азия мен бірқатар ТМД елдері сайлау цикліне өткеніне тоқталды. Тәжікстан, Қырғызстан, Әжірбайжанда парламент, Өзбекстан мен Беларусьта президент сайлауы өтуі тиіс. «Аумалы-төкпелі геосаяси оқиғалар кезінде Қазақстан сыртқы қауіптерге төтеп беруге дайын болуы керек», - дейді.

Ерлан Карин, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

Геосаяси процестер күтпеген жағдайларға соқтыруда. Соның әсерінен әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Бізге осы тұста оңға-солға теңселмей, турбулентті кезеңнен аман өту маңызды. Келесі жыл қандай боларын, әлемдік геосаясатта не болатынын ешкім болжап біле алмайды. Ондай жағдайда кезекті электоралды кампаниямен айналысуға шамамыз болады ма, белгісіз.

«Биылғы президенттік сайлау науқанының бір ерекшелігі: телеарна мен интернет жарысқа түседі», - дейді Карин. Қазақстанда интернет қолданушылар саны 12 миллионға жеткен. Сондықтан оларды қамту міндетті. «Қазір қоғамда кандидаттың ұсынған бағдарламасынан гөрі, жеке басына көп мән беріледі», - дейді саясаттанушы Айдос Сарым. «Дегенмен, кандидаттардың сайлауға деген белсенділігі артқаны - жақсы нышан. Саяси дода бірқатар проблемаларды ашып көрсетуге сеп болады»,- дейді сарапшы. 

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ