Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда отандық автоөндірісті қолдауға бағытталған акция өтті

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2015
  • 1373

Қостанайда отандық автоөндірісті қолдауға бағытталған акция өтті. Игі шара Елбасының «Қазақстанда жасалған» бастамасы шеңберінде өткізіліп отыр.

Тобыл өңірінде өткен іс-шараға жергілікті биліктен басқа, бірнеше министрлікпен қатар бизнес-құрылым өкілдері қатысты. Меймандар аймақтағы ірі кәсіпорындардың бірі «Агромашхолдинг» және «Сарыарқа Автопром» өндірістік алаңында болып, Қостанайда құрастырылған техникалармен танысты. Қазіргі кезде зауыт «Санюонг», «Пежо», «Хюндай», «Джилли», «Тойота» секілді көліктің 43 моделін шығарады. Былтырдан бері «Ивеко» маркасы негізінде арнайы жүк көліктер құрастыра бастаған. Алдағы уақытта автобус шығару да жоспарлап отыр.

Акцияға қатысушылар кәсіпорынның өндірістік жетістіктеріне ерекше тоқталып, өнімдерге жоғары баға берді.Тіпті еліміздегі ірі компаниялардың бірі қостанайлық автотехниканың отыз төртін бірден сатып алуға сол жерде шарт жасасты. Ал Алматы облысының өрт сөндіру қызметі өткен жылы 24 арнайы көлік алыпты. 

Данияр Ысқақов, Алматы облыстық ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

Бұл автокөліктердің шетелдік автокөліктерден еш кемшілігі жоқ, артықшылығы болмаса. Түгел компьютерленген. Өрт сөндіру құралдарымен толық жабдықталған.

Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов биыл автоөндіріс саласына 20 миллиард теңге бөлінгендігін атап өтті. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың арқасында, отандық өнім қолжетімді болмақ. Қомақты қаражаттың 5 миллиарды лизинг арқылы техника сатып алуға жұмсалса, қалған он бесі арзан пайызбен отандық көлікті несиелеуге бағытталады. "Қазір бағдарламының механизмі әзірленіп жатыр деді", - вице-министр. 

Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Қазақстандық үлесті арттыру үшін, алғаш рет осы салаға айрықша қолдау көрсетіліп жатыр. Осының нәтижесінде жұмыс орындары көбейіп, өндіріс қарқыны арта түспек.

Заңғар САНАЙ