ОПЕК -ке мүше елдер арасындағы ең ірі мұнай экспортері
Сауд Арабиясы Азия мемлекеттері мен АҚШ-қа сатылатын қара алтын құнын
арттырды. Себебі, бұл елдерде шикізатқа сұраныс көбейген. Рейтерстің
хабарлауынша, АҚШ үшін мұнай 1 долларға, ал Азия елдері үшін 1,4 долларға қымбаттады.
Еуропаның солтүстік-батысы мен Жерорта теңізі аумағындағы елдерге сатылатын мұнай
бағасында да 0,3 долларлық өсім бар. Көптеген трейдерлер, Сауд Арабиясы мұнайдың
әлемдік құнын барреліне 60 доллар деңгейіне көтеру мақсатында баға саясатын өзгертеді, - деп болжаған.
Өткен жылы корольдік пен ОПЕК-тің өзге де мүшелері, АҚШ-тың қатпарлы
мұнайы нарықты жаулап алмауы үшін мұнай бағасын күрт төмендеткен-ді. Өткен
аптада, Сауд Арабиясының Мұнай өнеркәсібі министрі Әли әл-Наими сұраныстың өсіп,
нарықтың қалыпты күйге түскенін мәлімдеді.
Ал сарапшылар, нарықта мұнайдың әлі
де шамадан тыс көп болатынын болжап, бағаның тұрақтана қоймайтынын алға
тартуда.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ