Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте газ жарылысынан зардап шеккендер пәтерлі болды

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2015
  • 932

Шымкентте былтыр желтоқсанда газ жарылысы салдарынан баспанасыз қалған сегіз отбасыға пәтер кілттері табысталды. Баспанасынан айрылып қалған жандар бұл күнді екі жарым айға жуық уақыт күтті.

Шахар басшыларының айтуынша, пәтер мәселесі қала әкімдігінің төтенше жағдайларға қаралған резервтік қорынан шешілген. Бұл мақсатта 69 млн теңге қаржы бөлінді. Пәтерлер тұрғындардың өтініші бойынша, олардың өздері тұрған аумақтан таңдалыпты.

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Ол пәтерлер барлығы бұрынғы тұрып жатқан азаматтардың екі бөлмелі не үш бөлмелі пәтерлі болғанына байланысты сол көлемдегі есеппен сатып алынды екінші нарықтан. Алты екі бөлмелі, екі үш бөлмелі, барлығы сегіз пәтер сатып алынып бүгін иелеріне табыс етілді.

Наталья Ватулина зардап шеккендердің бірі. Қиын шақта туыстарының үйін паналаған келіншек, жаңа үйге ертең-ақ көшіп келуге дайын. Бір айта кетерлігі, тұрғындар үшін кірпіштен салынған үйлердегі пәтерлер сатып алынған. Олардың бұрынғы баспанасы ағаштан өрілген еді. Сол себепті қайта жөндеуге келмеген. Натальяға бір ұнағаны осы.

Наталья Ватулина:

Маған қатты ұнағаны екінші қабатта орналасқаны пәтерімнің. Бұрынғы үйімде де осылай еді. Барлық қиындық артта қалды. Енді осы үйді қалауымша бір жөндеп алсам болды. Ал ескі көршілермен бір үйде тұрмасақ та алыстамайтын болдық. Барлығымыз осы төңіректе тұрамыз.

Еске салайық, Шымкентте Ақназар хан көшесіндегі 2 қабатты үйде 20-желтоқсанда газ жарылысы болды. Арты алапат өртке ұласты. Сегіз пәтерлі баспананың төрттен бір бөлігі жанып кетті. Дүмпу бірінші қабаттағы пәтер иесі газ плитасын тұтатқалы жатқан сәтте болған.

Абырой болғанда тұрғындар дін аман. 8 пәтерлі Тұрғын үй арнайы комиссияның шешімімен тұруға жарамсыз деп танылды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ