Русский Сайттың толық нұсқасы

Энергетика министрлігі Ресейден мұнай өнімдерінің кей түрлерін жеткізуге уақытша тиым салу себебін түсіндірді

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2015
  • 919

Бүгіннен бастап Ресейден сұйық отын тасымалдауға шектеу енгізілді. Шектеу 20 сәуірге дейін созылмақ. Энергетика министрі Владимир Школьник тиісті бұйрыққа қол қойды. «Оның орындалуын қадағалау бірінші вице-министр Ұзақбай Қарабалинге жүктелді», - деп Энергетика министрлігі бүгін арнайы мәлімдеме таратты. Онда Қазақстанның Ресейден мұнай өнімдерінің кей түрлерін әкелуге уақытша тиым салу бірқатар себептерге байланысты екені айтылған.

Ресми түсініктемеге сүйенсек, 2015 жылдың қаңтарында Индикативті балансқа сәйкес елімізге Ресейден 90 мың тонна бензин жеткізу жоспарланған. Алайда іс жүзінде импортталған бензин көлемі екі есе артық: 180 мың тоннаны құрады. Осыған ұқсас жағдай ақпанда тағы қайталанды. Жоспарланған көлем 80 мың тоннаны құраса, әкелінген көлем 140 мың тонна. «Нәтижесінде, қаңтар және ақпан айларында Қазақстанға жоспардан тыс 150 мың тонна бензин әкелінді», - деп түсіндірді Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, апта басында Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Ресейден келетін мұнай өнімдерінің шектен тыс көбеюіне жол берілмейтінін айтқан. Ол сондай-ақ, шектеу мерзімі аяқталған соң, тасымалдау қайта жанданатынын да ескертті. Ал ішкі нарықта ең өтімді бензин үшін баға 99 теңге көлемінде тұрақталады деді.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА