Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектеп жабылуда

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2015
  • 2202

Шығыс Қазақстанда жеткіншектерге арналған еліміздегі жалғыз арнайы мектеп жабылды. Онда негізінен қылмыс жасап, соңынан ювеналды сот шешімімен қылмыстық жауапкершіліктен босатылған балалар мен жасөспірімдер білім алады.

Мектептің жабылуына бюджеттік шығындарды оңтайландыру себеп болған. Қазір мектепте 28 тәрбиеленуші бар. Олардың үшеуі ғана Шығыс Қазақстан тұрғындары. Өзгелері Қазақстанның әр аймағынан келген.

Олардың әрбіріне облыс бюджетінен 2 миллион 580 мың теңге жұмсалуда. Оқу орнында мұғалімдер мен тәрбиешілерден басқа 50-ге жуық арнайы күзет қызметкерлері жұмыс істейді. Мектеп 2002 жылға дейін республика қазынасынан қаржыландырылып келген.

Бірақ кейін облыстық бюджетке өтті.Аймақтағы білім басқармасынің өкілдері қаржыны арнайы мектепке емес, балалар үйі мен оқу орындарының жөндеу жұмыстарына жұмсаған тиімдірек деп есептейді.

Сайран Ысқақов, ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Арнайы оқу орнын ашу не жабу туралы шешімді атқарушы билік пен жергілікті органдар қабылдайды.Бұл туралы білім беру туралы заңда жазылған. Бүгінде облыстық әкімдіктің ұйғарымымен арнайы мектеп жабылды. Біз облыс әкімінің қолы қойылған хатты барлық өңірлерге жөнелттік. Арнайы мектеп енді ювеналды сот шешімімен айыпты деп танылған балаларды қабылдамайды.

Жоспар бойынша арнайы мекеме 2016 жылға дейін жұмысын жалғастырады. Дәл осы кезде мектеп қабырғасынан соңғы тәрбиеленуші шығады деп күтілуде. Педагогтардың айтуынша, бүгінде Қазақстанда арнайы мектеп үлгісіндегі оқу орны жоқ.

Оларды отбасы және балалықты қолдау орталықтары алмастырады. Айта кетейік, дәл осындай арнайы мекеме 2011 жылы Тараз қаласында жабылған болатын.

Аркадий Исаев, Арнайы мектеп-интернат директоры:

Қазақстанда осы тәрізді қыздарға арналған арнайы мектеп жоқ. Алайда олармен де тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Мен балалардың тұрғылықты жерлерінде оқығанын қалаймын. Жасөспірімнің отбасы және қоғаммен байланысы болуы керек. Отбасылық тәрбие аса маңызды.

Жұрағат БАМАН