Русский Сайттың толық нұсқасы

ҚР президенттігіне үміткерлер саны 14-ке жетті

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2015
  • 1058

Президент болуға үміт білдіргендер саны 14 адамға жеткен. Бірақ олардың жетеуі мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін жетік дәлелдей алмай, тізімнен шықты. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен мәлімдеді.

Айтуынша, 2 наурыздан 9 наурызға дейінгі аралықта Орталық сайлау комиссиясына 13 адам өзін-өзі ұсынса, біреуі Қазақстан Коммунистік халық партиясы қоғамдық бірлестігі атынан өтініш берген.

Алайда осы күнге дейін комиссия олардың төртеуін тіркеуден бас тартты. Себебі
, кандидаттыққа ниет білдіргендердің екеуі мемлекеттік тілді еркін меңгермесе, қалған екеуі 40 жасқа толмағаны үшін тіркеле алмаған.

Сондай-ақ, белгілі болғандай үміткерлердің бірі Уәлихан Қайсаров кандидат ретінде тіркелу парақшасында өзге мемлекеттің азаматы екенін де көрсетіпті.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Сайлау комиссиясының мүшесі:

Үміткер Уәлихан Қайсаров өзінің үміткер ретінде ниетін білдіретін өтініште өзінің басқа мемлекеттің азаматтығында тұрамын деп жазып отыр. Орталық сайлау коммисиясы Ішкі істер министрлігіне арнайы сұрау жіберді. Бұл мәліметті міндетті түрде заң негізінде біз тексеруіміз керек. Және анықталғанша, лингвистикалық коммиссияға жібермеуге құқық бар. Сондай-ақ, Уәлихан Қайсаров өзінің автобиографиялық деректемелерінде бірнеше қате жібергендігін айтқым келеді.

Мырзатай Жолдасбеков, ОСК жанындағы лингвистикалық комиссия төрағасы:

Өте дөрекі қателер жібергенсіз. ҚР аумағында тұрамын дегенге жауап бересіз, туғаннан тұрамын деп, туғаннан демейді. Тұғаннан тұрамын деп "ұ" жазасыз. Наурызды қате жазасыз. Науырыз. Бұл енді біздің ұлы күніміз ғой, сондықтан, мен оны өте дөрекі қате деп есептеймін. Комиссия қорытындысы заң талап етіп отырғандай қазақ тілін еркін меңгермеген.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА