Русский Сайттың толық нұсқасы

ОСК: Президент болудан үмітті Уәлихан Қайсаров - өзге мемлекеттің азаматы

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2015
  • 1405

Президент болудан үміттенгендердің бірі - Уәлихан Қайсаров - сайлау комиссиясына өзге мемлекеттің азаматтығы туралы дерек беріпті. Бұл мәліметтің шындыққа қаншалықты жанасатынын тексеру үшін, Орталық сайлау комиссиясы  Ішкі істер министрлігіне сұрау салды. Сондай-ақ үміткер Қайсаров тиісті құжаттарды толтыру барысында олқылыққа жол берген.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүшесі:

Өзін басқа мемлекеттің азаматтығында тұрамын деп жазып отыр. Орталық сайлау коммисиясы Ішкі істер министрлігіне арнайы сұрау жіберді. Бұл мәліметті міндетті түрде заң негізінде біз тексеруіміз керек және, анықталғанша, лингвистикалық комиссияға жібермеуге құқық бар. Сондай-ақ, Уәлихан Қайсаров өзінің автобиографиялық деректемелерінде  бірнеше қате жіберген.

Мырзатай Жолдасбеков, ҚР ОСК жанындағы лингвистикалық комиссия төрағасы:

ҚР аумағында тұрамын дегенге жауап бересіз, туғаннан тұрамын деп, туғаннан демейді. Тұғаннан деп «ұ» жазасыз. Наурызды қате жазасыз. Науырыз. Бұл енді біздің ұлы күніміз ғой, сондықтан мен оны өте дөрекі қате деп есептеймін. Қайсаров Уәлихан Әбішұлы, заң талап етіп отырғандай, қазақ тілін еркін меңгермеген.

Құжат толтыруда қателікке жол берген Уәлихан Қайсаров ақыры тіл сынағынан да сүрінді. Лингвистикалық комиссия жариялаған қорытындыға сүйенсек, ол қазақ тілінде сөйлем құрау барысында 25 стилистикалық және пунктуациялық қате жіберген. Комиссия сынағынан өте алмағандар қатарында кәсіпкер Қанат Жұман мен  борышкерлер қозғалысының жетекшісі Есенбек Үктешбаев бар. Орталық сайлау комиссиясы бұл 3 азаматты тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, бүгінге дейін президенттікке үміткер ретінде 14 адам өтініш білдірді. Олардың тек екеуі - Лимана Қойшиева мен Тұрғын Сыздықов - мемлекеттік тілді жетік меңгергенін дәлелдеп шықты. Енді қос үміткер қол жинауға кіріспек.

Еске салайық, кезектен тыс президент сайлауына үміткерлерді ұсыну 26 ақпаннан бері жүріп жатыр. Ал дауыс беру күні - 26 сәуір.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА