Русский Сайттың толық нұсқасы

Американың сенаторлары Иранмен арадағы келісімді болдырмауға тырысуда

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2015
  • 1215

Иранның ядролық бағдарламасы бойынша тарихи келісімге қол қойылар күн алыс емес. Швейцарияның Монтре қаласында кезекті келіссөздер аяқталды. Тараптар келісімнің барлық баптарын жан-жақты талқылады. Ендігі үміт Лозаннада өтетін келіссөздердің келесі кезеңінде. Ол наурыздың 15-не жоспарланған. Келіссөздердің күрделі жағдайда өтіп жатқанына қарамастан, АҚШ-тың Республикалық партиясынан шыққан 47 сенатор Иран билігіне хат жолдады. Аталмыш келісімдер тек Барак Обама президент болып тұрған уақытта ғана күшінде болатынын жазды. Иранның жауабы көп күттірмеді. Америка басшысы Барак Обама да сенаторлардың бұл қылығын сынға алды. 

Америка сенаторлары, Иранмен арадағы келісімді болдырмау үшін, барын салып жатыр. Олардың Иран басшылығына хат жолдап, қазіргі келісімдердің Барак Обама тақтан тайған соң құны көк тиын болып қалатыны туралы жазғанынан, осыны аңғаруға болады. Обаманың президенттік мерзімі 2016 жылдың сәуірінде тәмамдалатыны белгілі. Ал аралық сайлауда жеңіске жетіп, Конгресстегі орындардың басым бөлігін иеленген республикашыл топтың сенімі артқан сияқты. Ресми Тегеран көп күттірмей жауап қатты. Иран сыртқы істер министрі Джавад Зариф республикашыл сенаторларды АҚШ конституциясынан хабарсыздығы үшін айыптады.

Джавад Зариф, Иран сыртқы істер министрі:

Бұл хаттың заңды негізі жоқ. Тек АҚШ Конгресіне мүше кей азаматтардың өз президенті мен әкімшілігіне қарсы шығып, өзге елдің басшыларына хат жазатыны таң қалдырады. Хат авторлары халықаралық құқық жайлы түсініктерінің таяз екенін көрсетіп қана қойған жоқ. Олар сол елдің конституциясында көрсетілген президент билігі мен халықаралық саясаттың әсері туралы да білмейтін сияқты.

Дау тудырған хатқа 47 республикашыл сенатор қол қойған. Ал демократтардың бір де бірі қолдаған жоқ. Президенттің жақтастары республикашыл топты, Тегеранмен арадағы қатынасқа іріткі салу үшін, қасақана қадам жасады деп айыптауда.

Гарри Рид, АҚШ сенатындағы демократтар лидері:

Бұл келіссөздер бүкіл әлемге әсер етеді. Бұл хат Америка үшін ғана емес, біздің одақтастар үшін де қатты соққы болды. Қазір жоғары қолбасшымыздың абыройына нұқсан келтіретін кез емес. Бір саяси партияның, АҚШ президентін ыңғайсыз жағдайға қалдыру мақсатында, халықаралық келіссөздерге араласуы - бұрын соңды болмаған жағдай.

Барак Обама, АҚШ президенті:

Конгресстің кейбір мүшелерінің Иранмен осындай өткір саясат жүргізгісі келетіні - біздің көзқарасымызға қарама-қайшы. Ең бастысы,  келіссөз жүргізуші тараптар бір келісімге келе ала ма, жоқ па, сол маңызды. 

Сарапшылар АҚШ-тың  ішкі саяси күштері арасында келеңсіздіктер орын алғанын айтады. Ал наурыздың 15-де  бұл елдің Мемлекеттік хатшысы Джон Керри үлкен «алтылық» және Иранның қатысуымен өтетін келіссөздердің келесі кезеңін талқылауға аттанады. Дипломаттардың айтуынша, Иранның уран байыту бағдарламасы он жылға тоқтатылуы мүмкін. Есесіне, Америка Иран экономикасын шатқаяқтатқан сансыз санкцияларды алып тастамақ.

Айгүл ӘДЕПБАЙ