Русский Сайттың толық нұсқасы

«Оралу» атты отандық фильм көрермендер көңілінен шықты

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2015
  • 9355

Отандық кинотуынды - «Оралу»  фильмі - бірінші көрсетілімнен-ақ көрермен көзайымына айналды. Қазірдің өзінде бірқатар аймақтардың тұрғындары көркем туындыны тамашалап үлгерді. Фильм елден жырақта жүрген, бірақ туған жеріне келіп, Қазақстанда да жақсы өмір сүруге болатынын түсінген кейіпкер туралы. Туындыны «Көркем фильм» кинокомпаниясының қатысуымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясы түсірген. Үлкен  экраннан тұсауы кесілген жаңа туындыны біздің тілшілер де тамашалады.

Бұл – «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалдың өміршеңдігін дәлелдеген туынды. Фильм желісі Мақсат есімді микробиолог ғалымның өмірі арқылы өрілген. Еуропада білім алып, сонда өмір сүруге бел буған ол, ауылдағы атасы қайтыс болғанда, Қазақстанға оралады. Өзіне мұраға қалған жылқы фермасы мен сәйгүліктерді сатып, Еуропаға қайтуды жоспарлайды. Бірақ жанындағы адамдар шетелге асыққан жігіттің ойын өзгертеді.

Дидар Амантай, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті:

Фильм өте жақсы түсірілген. Тартымды және ешқандай фальш жоқ. Өздеріңізге белгілі, өнердегі басты мәселе - фальштың болмауы. Фильмді адами фильм, кісілік туралы фильм, бұл фильмді патриотизм туралы фильм деп айтуға болады.

Фильмнің тұсауы Астанада кесіліп, артынша баспасөз мәслихаты өтті. Көркем туындының қоюшы режиссері, әрі сценарий авторы - Рашид Сүлейменов. Ал басты рөлді актер Санжар Мәдиев сомдаған.

Санжар Мәдиев, актер:

Түсірілім қала сыртында Тұрар деген ауылда өтті. Күннің суығында да, ыстығында да жұмыс істедік. Кейде бәрін тастап, кеткім келген сәттер де болды. Бірақ шыдадық.

«Оралу» фильмі өзге аймақтарда да көрсетілді. 90 минуттық кинотуынды көптің көңілінен шыққандай. Мұны өңірлердегі көрерменнің пікірінен аңғаруға болады.

Еркебұлан Құралбаев, Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

Мемлекетіміз үшін жасалып жатқан, жастарымыз үшін жасалынып жатқан түрлі бағдарламалардың құрдан құр еместігін жастар түсініп отыр. Осы фильмді көру арқылы жастардың бойындағы патриоттық сезімін, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыратына, біз сенімдіміз.

Қостанай облысы Рудный қаласында да фильмнің премьерасы болды. Отандық кинотуындыны тамашалауға әсіресе жастар көптеп жиналды. Бас кейіпкердің түсінік-танымының өзгеруі, атамекеннің қымбат екенін жан дүниесімен сезінуі кеншілер қаласындағы көрерменге керемет әсер қалдырды.

Сәлімгерей  Бексейітов, еңбек ардагері:

Осындай фильмдер көрсету керек. Болу керек. Бұл фильмді тамашалаған жастардың бәрі өз елін, өз халқын, өз намысын ойлайтын буын болып қалыптасады деп ойлаймын.

Аз уақытқа  келген жігіт елде қалуға бел буып, атасының ғылымға енгізген жаңалығын жариялайды. Көрермен жырақтан жеткен жігіттің туған жерге туын тіккеніне куә болды. Киноның әсерлілігі сонша, көпшілік азаматтар көзіне жас ала отырып тамашалады. Фильм бас кейіпкердің бақытқа кенелген сәтімен аяқталады.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, Әйгүл ӘДЕПБАЙ, Заңғар САНАЙ