Русский Сайттың толық нұсқасы

«Барыс» командасы «плей-офф» ойындарымен қош айтысты

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2015
  • 1119

Омбыда өткен шешуші кездесу «Барыс» командасы үшін сәтті басталды. Кезекті шабуылдың бірінде мергендігімен танылған Найджэл Доус командаластарының қошеметіне бөленді. Бірақ Андрей Назаров шәкірттерінің қуанышы көпке созылмады. Қарымта шабуылға шыққан айдын иелері араға 5 минут салып, таразы басын теңестірді. Қақпа алдындағы қарбалас сәтті ұрымтал пайдаланған Чад Коларик мүлт кетпеді. Бұл шайбадан соң шабыттанған «Авангард» хоккейшілері үзілістен кейін есепті еселеді. Бұл сәтте Александр Пережогин жергілікті жанкүйерлерді дүр сілкіндірді. Ал бұл ойындағы соңғы нүктені Чад Коларик қойды. Сонымен 7 кездесу қорытындысы бойынша 4-3 есебімен үздік шыққан «Авангард» командасы ширек финалға шықты. Омбы хоккейшілерінің ендігі қарсыласы - Қазан қаласының «Ақ Барс» клубы.



Францияда велоспорттан «Париж-Ницца» вело көпкүндігі жалғасуда. Сент-Еньян және Монрон қалаларының арасында өткен екінші кезеңде «Лотто» командасының спортшысы Андрэ Грайпель жеңіске жетті. 172 шақырымнан тұратын жарыс жолын Германия велошабандозы 4 сағат 30 минутта бағындырды. Жеңімпазбен бір уақыт көрсеткен «ФДЖ» клубының өкілі Арно Демар екінші орынды иеленсе, үшінші сатыны Германия спортшысы Йон Дегенкольб еншіледі. Дәрежелі жарыста сынға түсіп жатқан «Астана» командасының спортшылары бұл кезеңді пелотонның ішінде аяқтады. Жалпы есепте Польша спортшысы Михал Квятковски топ басында. Қазақстандық команданың спортшылары Лиус Леон Санчес пен Ларс Бом көшбасшыға небәрі 10 секунд ұтылса, команда капитаны Фабио Ару Польша спортшысынан 33 секундқа қалып келеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ