Қарағандыда
пешпен жылытылатын көп қабатты үйлерге жылу тартылмайтын болды. Бобруй көшесіндегі
екі қабатты 5 үйдің орталық жылу қазандығына қашан қосылары белгісіз. Бұл
туралы Қарағанды қалалық әкімдігі біздің арнамыздың редакциясына арнайы хат
жолдады.
Ақпанның 23-і күні аталған мәселенің қашан шешілетінін сұрап, атқарушы
орынға жазбаша сауал жолдаған едік. Жауабы мынадай:
«Қарағанды
қаласының құрылыс бөлімі» ММ 2013-жылы Ермеков көшесінің жылу магистралін қайта құру бойынша
жобаның сметалық құжатын жасаған. Жобаның құны 1,162 миллион теңгені, ұзындығы
7,8 км құрайды. Бюджеттік өтініш ҚР Профильдік министрліктеріне жіберілді.
Бірақ бұл жоба бекітілмеді және қаржаландырылмады.
Бұл Қарағанды қаласы әкімінің
орынбасары Арман Жұмекеновтың жазбаша жауабы.
Еске салайық, Бобруй көшесіндегі
5 үйдің тұрғындары 15 жыл бойы пәтерлерінде пеш жағып, күнелтіп отырғаны жайлы
жаңалықтарымызда айтылған еді. Қала басшылығының мәлімдемесіне сүйенсек, аталған
үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу туралы жоспар жоқ болып шықты.
Үш жүздей тұрғын
әлі де пәтерде, немесе жертөледе пеш жағып жылынуға мәжбүр. Қариялар, 2000-жылдары бұл үйлердің жеке қазандығы болғанын айтады. Ол сол кездегі
автокомбинатқа қараған. Ал мекеме тарағасын, қазандық қолдан қолға сатылып, ақыры
жылыту жүйесі жойылған.
Айжан ҚУАШ