Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда төрт қабатты тұрғын үй өртенді

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2015
  • 1168

Алматыда төрт қабатты тұрғын үй өртенді. Салдарынан 8 пәтерге зақым келген. Абырой болғанда, адамдар аман. Оқыс оқиға Наурызбай ауданындағы «Тау самалы» шағын ауданында болды. Тұрғын үйдің шатыры түгел жанып кеткен. Тұрғындардың айтуынша, қызыл жалын таңғы сегіз шамасында тұтанады. Төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына жедел жеткенімен, тілсіз жау әл бермей 400 шаршы метр аумақты шарпыған. 

Нұрбек Қожахмет, Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметінің маманы:

Өрт 9 сағат 54 минутта ауыздықталып, 10 сағат 29 минутта толығымен жойылған. Оқиға орнынан 60 адам қауіпсіз жерге көшірілген, оның ішінде 6 жас бала. Қазіргі таңда өрттің шығу салдары анықталып жатыр.

Тілсіз жау 64 пәтердің сегізіне залал келтірді. Төбеден құйылған су төртінші және үшінші қабатқа өткен. Тұрғындар енді су сорғалаған пәтерлері мен жанып кеткен шатырды жөндеуге жәрдем сұрады. Алайда, жергілікті әкімдік қаржылай көмек бере алмайтынын айтуда. Тек кешке дейін электр жарығы мен газ беру қалыпқа келтіріледі деп отыр. 

Ибрагим Айтқасымов, Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары:

Пәтерлер жекеменшік болғаннан кейін, одан кейін КСК-ға қосылмағаннан кейін, оны қазіргі таңда айтуға өте қиын. Бірақ көңіл аударылмай қалмайды. Оның барлығы тергеу жұмыстары жүргізіліп, өрт қай жақтан шыққанын талдап, шығарғаннан кейін ғана, мүмкін, қарастырармыз. Бірақ қандай жағдай болатынын айта алмаймын.

Берік ХАСЕНОВ