Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана» арнасы әйгілі «Даунтон Аббаттығы» көп сериялы фильмін көрсетеді

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2015
  • 1806

Ұлыбритания ханшайымы Кейт Миддлтон «Даунтон Аббаттығы» сериалының түсірілімін көріп қайтты. The Daily Express басылымы хабарлағандай, телешоу Лондондағы павильондардың бірінде өтуде. Кейт Миддлтон жұбайы ханзада Уильям екеуі аталған сериалды үзбей қарайтындарын айтты. Сондықтан түсірілім жұмыстарын тамашалауға арнайы келген. Бүгінде түсіру тобы соңғы алтыншы маусымды аяқтауға жақын. 33 жастағы ханшайымды түсірілім алаңында туынды авторы Джулиан Феллоуз қарсы алды. Картинада ойнайтын 4 жасар бүлдіршін оған гүл шоғын табыс етті. 

«Даунтон Аббаттығы» сериалы көптеген елдерде көрсетіліп жатыр. Фильм бірнеше халықаралық марапаттарға ие болып үлгерді. Тіпті сыншылардың өзі мін таба алмай отыр. Айта өтейік, картинаның бір сериалы үшін жұмсалатын қаржы 1 миллион фунт стерлингтен асады. Фильм король Георг V-нің заманынан сыр шертеді. Дәулетті отбасы ойдан шығарылған Даунтон сарайында өмір сүреді. Отағасы граф Роберт Грантхэн америкалық байдың қызына үйленеді. Сюжет желісі атақты «Титаник» су кемесінің апатқа ұшырауымен жалғасады.

Шытырманға толы кино желісін қазақстандық көрермендердің де тамашалауға мүмкіндігі бар. «Астана» телеарнасы көп сериялы фильмді мамыр айының ортасынан бастап экранға шығарады.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА