Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана» баскетбол командасы кезекті жеңісін тойлады

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2015
  • 1194

«Астана» баскетбол командасы жанкүйерлерін қуантты. Ресейдің біртұтас лигасында сынға түсіп жатқан Рамунас Бутаутастың шәкірттері Қазан қаласының «Уникс» клубын қабылдап, 87-67 есебімен жеңіске жетті. Тақырыпты Самат Қанағатов тарқатады. 

Бұған дейін «Нижний Новгород» клубына ұтылып, жанкүйерлер сенімін ақтай алмаған «Астана» командасы бұл ойында аянып қалмады. Дегенмен, кездесуді ширақ бастаған «Уникс» баскетболшылары ұпай санын арттырып, үлкен үзіліске 41-34 есебімен кетті. Үшінші бөлім басталғаны сол еді. Шабуылда тура соққылармен ерекшеленіп, қорғаныста сауатты өнер көрсеткен қазақстандық ұжым есепте алға шықты. Шешуші бөлімде де айқын басымдық танытқан Рамунас Бутаутастың шәкірттері қарсылас команданың бас көтеруіне мүмкіндік бермеді. Әсіресе, алаң иелерінің сапында жасындай жарқыраған Никлас Канер Медли және Джэйкован Браун мергендігімен танылып, команда жеңісіне сүбелі үлес қосты. Ойын соңына қарай «Астана» командасының қарқынына төтеп бере алмаған Қазан қаласының спортшылары аяғы жеңілісін мойындады. Қортынды есеп 87-67 «Астана» клубының пайдасына. Келесі кездесуін қазақстандық ұжым сырт алаңда «Локомотив-Кубань» клубына қарсы өткізеді.



Велоспорттан «Париж-Ницца» велокөпкүндігі мәресіне жетті. Ницца қаласында өткен жекелей жарыста «Скай» командасының өкілі Ричи Порт жеңіске жетті. Тоғыз жарым шақырымнан тұратын жарыс жолын Австралия велошабандозы 20 минут 23 секундта бағындырды. Жеңімпаздан 13 секундқа қалып қойған словениялық Симон Шпилак екінші орынға қол жеткізсе, үшінші сатыны «Лямпре» командасының спортшысы Руи Кошта еншіледі. Бұл жетістігінен кейін Ричи Порт жалпы есепте көш басына шығып, жарыс жеңімпазы атанды.  Екінші және үшінші орындарды поляк Михал Квятковски мен словениялық Симон Шпилак иеленді. «Астана» командасына келетін болсақ. Алғашқы ондықтан тек Якоб Фульсан көрінді. Ал қазақстандық ұжымның капитаны Фабио Ару бұл кезеңде біраз уақыт жоғалтып, нәтижесінде 39-орынға тұрақтады. 

Самат ҚАНАҒАТОВ