Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ертіс» ФК бұрынғы жетекшілерін соққыға жыққан топ мүшелері 5-6 жылға сотталды

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2015
  • 786

«Ертіс» ФК бұрынғы жетекшілерін соққыға жыққандарға қатысты сот процессі аяқталды. «Бұл іске қатысы бар» деген күдікпен құрықталған төрт азамат «Қасақана дене жарақатын салу» айыбы бойынша кінәлі деп танылды.

Қылмыстық топтың мүшелері Амангелді Құлатаев пен Арман Қарағаев 6 жылға сотталды. Олар алдын ала келісім мен жалдау арқылы адам денсаулығына қасақана зиян келтіру қылмысы бойынша кінәлі деп танылды.

Ал, қарақшылық шабуылға қатысы бар басқа екі айыпталушы - Керім Пусырханов пен Асхат Теміржанов 5 жылға бас бостандықтан айрылды. Енді олар жазаларын Шығыс Қазақстан облысындағы қатаң тәртіптегі колонияда өтемек.

Тергеу материалдарына сәйкес, бұл оқиға клубтың бұрынғы жетекшілерінің кәсіби қызметіне тікелей байланысты болған. Әзірге қастандыққа кімнің тапсырыс бергені белгісіз. Аталған іспен ІІД-нің тергеу қызметі айналысуда.

Елена Белова, Мемлекеттік айыптаушы:

Сот отырысы бұл істі егжей-тегжейлі қарады. Нәтижесінде қылмыстың пайдақорлық мақсатпен жасалғаны анықталды. Сондай-ақ, суық қару қолданылып, «Ертіс» ФК жетекшілері денсаулығына ауыр зиян келтірілді. Екі сотталушы - 5 жыл, ал қалған екеуі 6 жылға бас бостандығынан айрылды.

Еске салсақ, бұл оқиға өткен жылдың көктемінде болды. Мамырдың 18-інде кезекті ойыннан үйіне оралған «Ертіс» футбол клубының бас директоры Хәлімжан Ержанов пен техникалық директор Болат Ысқақовты белгісіз біреулер соққыға жықты.

Оқыс оқиғадан соң Ысқақов дене жарақатымен ауруханаға жатқызылып, бас сүйегіне ота жасалды. Ал, Ержанов болса, алған жарақатына қарамастан дәрігердің көмегінен бас тартқан болатын. Әуелде полицейлер «бұзақылық» фактісі бойынша іс қозғады.

Алайда, тергеу барысында бұл бап «қасақана дене жарақатын салу» дәйегіне ауыстырылды. Клуб жетекшілері екі адамның болғанын көрген. Тек олар бет перде кигендіктен нақты ақпарат бере алмады.

Дегенмен, шұғыл іздестіру шарасы барысында күдіктілер көп ұзамай  қолға түсті. 28 бен 30 жас аралығындағы төрт жігіт, бәрі де Павлодар қаласының тұрғындары.

Әсем МҰХИТОВА