Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлы жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеруге бес мыңнан астам әскери қызметші қатысады

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2015
  • 1463

Жеңістің 70 жылдығына арналған шеруге бес мыңнан астам әскери қатысады. Бүгінде Астана маңында орналасқан әскери қалашыққа Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, Республикалық «Ұлан» және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің парадтық құрылымдары тартылуда.

Еліміздің қорғаныс күштері құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Жұмабек Хасеновтің айтуынша, биылғы шерудің ерекшелігі көпАтап айтқанда жұрт назарына соғыс кезінде қолданылған техника мен әскери киім-кешек ұсынылмақ.

Бұл техникалар қатарында әйгілі Т-34 танкілерін және ЗИС-2 зеңбіректерін атап өтуге болады. Сондай-ақ, бұрын-соңды парадқа қатыстырылмаған «Катюша» ракеталық-зеңбірек қондырғыларын көру мүмкіндігі тумақ.

«Бұған қоса, әскери шеру легінде қырықтан астам Ұлы Отан соғысының ардагері жүріп өтеді», - деді Жұмабек Хасенов.

Жұмабек Хасенов, ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары:

1-2 наурыздан бастап осы жерде көптеген адамдарымыз, сержанттарымыз келіп, жұмыс істеп жатыр. Көрдіңіздер, 150 палатка құрылды. Әскери парадтың үлкен дайындығы Елбасының және министрдің бұйрығымен осындай еліміздегі қалған өзіміздің ардагерлерімізге, Ұлы Отан соғысына қатысқан ақсақалдарымызды құрметтеп, Ұлы жеңістің 70 жылдығын осылай абыроймен атап өтейік деп отырмыз.

Шеруден отандық әскери техникалар да шет қалмайды. Жеңіс шеруінде орталық алаңнан сексеннен астам ұшу аппараты, 220 дана ауыр әскери техника жүріп өтпек. Өңірлерде ескерткіш ретінде сақталып қалған техникалар да қайта жөндеуден өткізіліп, шеруге әкелінеді деп күтілуде.

Жалпы әзірлік 1 сәуірге жоспарланып отыр. Онда сарбаздардың сап түзеуі, жүріс-тұрысы, аяқ алысына дейін қатаң сыннан өткізілмек. Ал негізгі дайындық 3 мамырда «Қазақ елі» алаңында пысықталады.

Жұрағат БАМАН