Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда автотұрақта жүз теңге үшін туындаған жанжал жалғасын тапты

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2015
  • 1513

Алматыда автотұрақта жүз теңге үшін туындаған жанжал жалғасын тапты. Автотұрақ қызметкерін атып, жарақаттаған жүргізуші арнамыздың тілшілеріне оқыс оқиға туралы өз шындығын баяндады. Бәрі тұрақ үшін ақы төлемеуден басталғанын айтады. Ал ақы сұрағандар заңды қызметі туралы куәлікті көрсетпесе керек. Әкімдік өкілдері Алматы қаласында жол жиегіндегі автотұрақтар үшін, егер төлем терминалдары болмаса, тұрғындар ақша төлеуге міндетті емес деп мәлімдеді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? «Жүз теңгенің жүгі» туралы тілшіміз Берік Хасенов жалғастырады.

Мына бейнематериалдағы жаға ұстатар жағдай көрерменге таныс. Кешелі-бері көгілдір экраннан көп көрсетілді. Қаланың қақ ортасында көлік жүргізу автотұрақта оқ атты. Бір адамды жаралады. Бірақ өзі де ауруханаға түсіпті.

Иван Хутор, күдікті:

Маған келіп автотұрақ үшін ақша төле, деді. Мен бұл жер тұрақ тегін емес пе, дедім. Ол «мен ештеңе білмеймін, төле!» деді. Чек бар ма? Құжат бар, дедім. Жоқ па, онда төлемеймін, деп едім. Ол менің күртешемнен ұстап, бетімнен ұра жөнелді.

Күдікті азамат қаруды қорғану үшін қолданғанын айтады. Жұдырықтың астында қалған соң, қаруды алып шыққанын жеткізді. Екі рет ауаға, сосын автотұрақшының аяғына атқан. Бұл әрекетіммен ашулы топты тоқтатпақ болдым, деп түсіндірді. Бірақ тепкіден құтыла алмағанын айтады.

Әсет Есқұлов, Қарасай аудандық ауруханасының жарақат дәрігері:

Науқас 17-сі күні сағат 22.40 түсті ауруханаға. Келіп түскендегі шағымдары - бас ауруы, бас айналуы, есінен тануы. Қазір емін алып жатыр, жағдайы орташа ауырлықта. Диагнозы - жабық ми жарақаты, бас миының шайқалуы.

Оқыс оқиға осы жерде болды. Абылай хан және Жібек жолы көшелерінің қиылысы. Ақылы тұрақ деген ақпарат Жібек жолының бойында тұр, бірақ Абылай хан даңғылында жоқ. Алайда, автотұрақ қызметкерлері жүргізушілерден ақы алуда. 

Еркебұлан Оразалин, Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Айта кететін ақпарат: Алматы қаласының түрғындарына, өздері білетіндей, жалпы олардың, ешқайсысы автоматтандырылмаған жағдайда, қызметкерлерге жүз теңгеден ақшаны төлеу міндетті емес.

Жалпы Алматы қаласы бойынша жетпістен аса ақылы автотұрақ бар. Оның ішінде жол жиегінде орналасқандардың бірде бірінде арнайы автоматтық құрылғы жоқ. Енді жүргізушілер «жүз теңге» төлеуі тиіс пе? Төлемеген жағдайда қандай жаза күтіп тұр? «Осы төңіректе арнайы заңның жоқтығы азаматтарды адастырып келеді», - дейді Сергей Уткин.

Уткин Сергей, заңгер:

Осыдан барып адамдардың арасында түсінбеушілік туындайды. Арнайы заңның жоқтығынан, жүргізуші төлемеуім керек дейді, ал автотұрақ қызметкерлері барлығы төлеуге тиіс дейді. Екі жақ та өз талаптары заңды екеніне сенеді. Егер жақын арада бұл жағдайды тоқтатпасақ, атыспен аяқталатын жайттар қайталана береді. Өйткені жұрт тектен-тек ақша төлегісі келмейді.

Алматы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, көшедегі тұрақтардан жиналған қаржының тек 20 пайызы қала қазынасына түседі. Өткен жылы бұл сома 75 миллион теңгені құраған. Әкімдік ешкім төлеуге тиісті емес деп айтқандықтан, Сергей Уткин осыншама қаржының барлығы жүргізушілерден заңсыз жиналды деп отыр. Ал тұрақ үшін ақы төлеуден бас тартқан Иван Хуторға байланысты қылмыстық іс қозғалған, тергеу жалғасуда. Ол қайткенмен де, қоғамдық орында қару қолданды.

Берік ХАСЕНОВ