Русский Сайттың толық нұсқасы

Германиядағы наразылық шеруінде 70-ке жуық полиция қызметкері зардап шекті

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2015
  • 1091

Германияның Маиндағы Франкфурт қаласында наразылық шаралары ушығып, 70-ке жуық полиция қызметкері зардап шекті. Рейтрестің хабарлауынша, мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген. Шеруді ұйымдастырды деген күдікпен 350 адам қамауға алынды.

Қалада орын алған жаппай тәртіпсіздік шаралары Еуропа орталық банкінің жүргізіп отырған саясатына қарсылық іспетті. Таң сәріде мың жарымнан астам ереуілші құқық қорғаушылардың қоршауын бұзып, Орталық банктің жаңадан ашылғалы отырған штаб-пәтері алдына жиналған.

Наразылық білдірушілер Майн өзені үстінен өтетін көпірді де басып алды. Полицейлер бүлік шығарушыларға төтеп беру үшін су атқыштар мен көз жасаурататын газ қолдануға көшкен. «Blockupy» радикалды қозғалысының өкілдері, қарсылық білдіруші тараптың арасында да зардап шеккендер бар екенін жариялады.

Десе де, Еуропа орталық банкі штаб-пәтерінің ашылу рәсімі өткізілді. Бүгінде құқық қорғаушылар қаланың бірқатар көшелерін жауып тастаған.

Жұрағат БАМАН