Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдықтар көктемгі су тасқынына дайындалуда

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2015
  • 849

Орал саяжайларын су басу қаупі бар. Осыған орай, Төтенше жағдай мамандары қала іргесіндегі өзендерді бақылауға алды. Сондай-ақ, облыстық, қалалық және аудандық деңгейде су тасқынына қарсы штабтар құрылды.

2011-жылы Шаған мен Деркөл өзендері арнасынан асып, облыстағы 38 елді мекен су астында қалған еді. Осыған жол бермеу мақсатында облыстағы өзен-көлдердегі мұздың қалыңдығы тексеріліп, 90 қауіпті аймақтың бар екені анықталды.

Облыс өзендері өз бастауын көршілес Ресейден алғандықтан, судың көп мөлшерде келуі көршілерге де байланысты. Осы мақсатта Орынбор және Саратов облыстарымен байланыс күшейген.

Мәрлен Сәрсенғалиев, Орал қалалық ТЖБ басшысының міндетін атқарушы:

Қазір адамдарды уақытша қоныстандыру бекеттері ұйымдастырылуда, қалада осындай 8 орын даярладық. Дегенмен, өзен-көлдердегі мұз әлі кеткен жоқ. Сондықтан, Қазгидромет мекемесінің деректерін күтеміз. Наурыздың екінші жартысында жиналған мәліметтерді сараптауға кірісеміз.

Құтқарушылар сең жүріп, су көтерілген кезде өзен жағаларындағы саяжайларда адамдардың болмауын талап етіп отыр. Төтенше жағдай мамандарының дерегінше, қала іргесіндегі саяжайларда 9 мың 700 адам тұрады. Оларға судан төнер қауіп ескертіліп, түсіндіру жұмыстары басталды.

Алексей Кузнецов:

Биыл су көп болады. Өйткені, 2005-жылы да су тасыған. Биыл бау-бақшаны су басуы мүмкін. Бірақ бұған дайынбыз. Осыған дейін де құтқарушылар мен әкімдіктің өкілдері су тасқынына дайын болу туралы ескерту қағазын тапсырып кетті.

Еркін КАРИН