Русский Сайттың толық нұсқасы

Сенатор Айтаханов: Тарифтер өскенмен, коммуналдық желілер жаңартылмай келеді

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2015
  • 1547

«Коммуналдық тарифтер жыл сайын бірнеше есе өссе де, электр, су, жылу желілері әлі күнге дейін жаңартылар емес. Құбырлар жиі істен шығып жатса да, сала басшылары қымбат шетелдік автокөліктер мініп, керемет офистік жиһаздар алуға құмар».

Сенатор Қуаныш Айтаханов жоғарғы палатының жалпы отырысында табиғи монополияларға қатысты заң жобасына енгізілген өзгерістермен таныстырған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевқа осылай деді. Айтахановтың айтуынша, тариф шарықтағанмен, электр желілері мен су, жылу құбырлары сол «баяғы жартас» күйінде. Коммуналдық жүйенің 65-70 пайызға тозып, шіріп тұрғаны туралы бірнеше жыл бойы айтылып келеді. Бірақ бұл сандар талай жылдан бері өзгеріссіз. Монополия субъектілерінің қаржылық жүйесін қатаң бақылау керектігін айтты сенатор.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Шындығын айту керек, күні бүгінге дейін табиғи монополистердің жұмысының мөлдірліген қамтамасыз ету, әсіресе инвестициялық бағдарламаларды дайындау, оны қорғау, жариялы тыңдаулар өткізу, және оның орындалғанын бақылау үкімет тарапынан тиісті дәрежеде жүргізілмей келеді. Жыл сайын жылу, су, энергия тарифтері өсіп жатады. Бірақ одан түскен қаржылардың қандай мақсаттарға, қалай пайдаланып жатқанын көпшілік халық білмейді. 2010-2015 жылдары электр энергетика дамыту бағдарламасы бойынша шекті тарифтер енгізіліп, одан түскен қаржы электр желісі жүйелерін жаңғыртуға бағытталған болатын. Алайда жергілікті жерлерде өткен ғасырдың 60-70 жылдары орнатылған электр желілерінің тозығы әбден жеткен. Бағаналары қисайып құлап, сымдары үзіліп жатыр.

Сенатор тарифтерді көтеруге қатысты өтуі тиіс қоғамдық тыңдауларды да сынады. Оның айтуынша, халықтың пікіріне құлақ асады-ау деген ондай тыңдаулар тек көз үшін немесе мүлдем жабық өтеді. Дегенмен, заң жобасының өзектілігін ескерген сенторлар оны бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат табиғи монополиялар жұмысын ашық қылып, тарифтерді оңтайландыруға бағытталған. Жаңа заң жобасы арқасында табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық бағдарламалар мен өзге де міндеттерін қалай орындап жатқанына бақылауды күшейтеміз деп сендірді үкімет мүшелері.

Айгүл ӘДЕПБАЙ