Русский Сайттың толық нұсқасы

Вице-премьер Сапарбаев сұранысы жоқ мамандар даярлауды доғару қажеттігін айтты

  • AstanaTV
  • 20 наурыз 2015
  • 1110

Жоғары оқу орындары сұранысқа сай емес мамандар даярлауды доғарып, жұмыссыздардың санын көбейтуді тоқтатсын. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Атырау облысына сапарында білім беру саласы мамандарына осындай ескерту жасады. Сондай-ақ ол жұмысқа орналасқан жас мамандардың санына да күмән келтірді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Статистикалық мәлімет бойынша «70 пайызы жұмысқа орналасты» дейді. Сенің облыста кішкене жоғарылау. Менің ойымша, онша дұрыс ақпар емес. Себебі өмірде оның қалай болатынын білеміз. Кәсіпорынмен келісіп, басшылардан справка алып келеді: «Мен жұмыс жасап жатырмын», - деп. Негізінен ол жұмыс істемейді. Біз тапсырма бердік биылдан бастап жұмысқа орналасқандардың мәліметі ГЦВП /мемлекеттік зейнетақы төлеу орталықтары/арқылы аламыз.

Айта кетейік, облыстағы 25 кәсіптік оқу орнынан жыл сайын 4 мыңдай түлек диплом алып шығады. Олардың 60 пайызы ғана жұмысқа орналасады. Вице-премьер алдағы уақытта аз жабдықталған мектептер үшін, екі немесе үш пәннен сабақ беретін мұғалімдердің даярланатынын айтты.

Бірнеше әлеуметтік нысандарды аралаған Бердібек Сапарбаев, Атырау мұнай өңдеу зауытында да болды. Аймақтағы ірі кәсіпорындардың басшыларымен кездесті. Жұмыс орындарын сақтау туралы келісімдердің орындалуын бақылады.

Бердібек Сапарбаевтың мәліметінше,ірілі-ұсақты кәсіпорындармен 300 мың меморандумға қол қойылып, 1 млн 400 мың адамның жұмыс орны сақталған. Есесіне, бұл кәсіпорындарды мемлекет шикізатпен қамтып, тарифті төмендету саясаты бойынша қолдау көрсетеді.

Сондай-ақ кейбір тауарлардың импортын азайтып, қазақстандық өнімнің сатылымына мүмкіндік берілмек.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Бізде импорттың көлемін азайтуға қатысты резерв әлі де бар. Сондықтан бұл жерде жергілікті атқарушы органның сараптамалық жұмысы керек. Қандай тауарларды тасымалдаймыз, сырттан келетін тауарды өзіміздің тауармен алмастыруға мүмкіндік бар ма? Мүмкін жаңа кәсіпорындар, жаңа нысандар ашу керек шығар.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ