Русский Сайттың толық нұсқасы

2014 жылы мемлекеттік органдарға 3 миллионнан астам арыз бен өтініш келіп түскен

  • AstanaTV
  • 20 наурыз 2015
  • 1146

Өткен жылы халықтан мемлекеттік органдарға үш жарым миллионнан астам арыз бен өтініш түскен және шағымдардың 70 пайыздан көбі оң шешімін тапқан. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының партиялық бақылау комитетінің отырысында белгілі болды. Халықтың шенеуніктер мен түрлі қызмет түрлеріне қатысты арыздары азаяр емес. Ал партияның қоғамдық қабылдауларында 85 мыңнан астам өтініш тіркелген. Арызданушылардың 42 пайызы мемлекеттік қызметкерлердің құзыретсіздігіне наразылық білдірген. Мұны «Нұр Отан» партиясы жанындағы қоғамдық саясат институтының әлеуметтік зерттеуі анықтап отыр.

Қуаныш Сұлтанов, партиялық бақылау комитетінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Республика бойынша бір жылда 3 миллионға жуық арыз-шағым түскен. Оның әр түрлі жолдары бар. Біреуі тұрғын үй мәселесін, біреуі тағы басқа, біреу сот мәселесін. Осы мәселелерге бір айрықша екпін беріп, жұмыстың тәсілін де күшейту мақсатында нұр отандықтардың белсенділігін күшейтуге шешім қабылдап жатырмыз.

Партиялық бақылау комитетінің отырысында елімізде бір мыңдай жұмысшының жалақыларын ала алмай отырғаны белгілі болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева айтты. Маңдай терімен тапқан тиын-тебеніне қол жеткізе алмай жүргендер саны өткен жылы 13 мың адамды құраған. Бірақ қазір бұл көрсеткіш бір мыңға дейін азайыпты. Теңгемен санағанда, 100 млн теңгеге жуық қарызды өтеу керек.

Аида Құрманғалиева, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң жауапты хатшысы:

Бүгінде біз 12 мыңнан астам адамның жалақысын бердік. Енді еңбекақысын ала алмай жүрген бір мыңға жуық адам бар. Мұның басты себебі - қаржының жоқтығында. Кәсіпорын басшылары жалықы бойынша қарызды өтеуге мүмкіндіктері жоғын айтады. Бірақ осы бағытта жұмыс атқарып жатырмыз.

Партияның қоғамдық қабылдауына түскен арыздардың басым бөлігі - 22 пайызы - тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлуге байланысты. Әлеуметтік, материалдық төлемдер мен  жұмысқа орналасу және еңбек даулары бойынша түскен шағымдар 21 пайыздан асқан. Коммуналдық мәселелер бойынша - 18 пайыз, білім беру мәселелері бойынша түскен арыздар саны 7 пайызды құрады. Айта кетерлігі, тіркелген бір де бір арыз жауапсыз қалмаған. Өтініштер мен шағымдар бойынша жауапты мекемелер тиісті шаралар атқарып жатыр.

Айгүл ӘДЕПБАЙ