Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбедегі жолаушылар тасымалдаушы мекеме жол ақысын көтеруді ұсынбақ

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2015
  • 1329

Ақтөбедегі жолаушы тасымалдаушы мекеме жол ақысын 90-95 теңгеге көтермек. «Автопарк» серіктестігі осылайша қаражат тапшылығы мәселесін шешпек ойда. Қазір қаладағы автобустарда жол құны 55 теңге.

Ал, жеңілдіктерге ие әлеуметтік топтардың шығыны жергілікті бюджетке жүктелгенімен, жыл басынан бері бюджеттен бір тиын да төленбесе керек. Тасымалдаушының айтуынша, әлеуметтік топқа жататындар, яғни жолаушылардың 30 пайызы 3 ай бойында «тегін жүрген».

«Автопарк» серіктесігінің дерегінше, әкімдіктің тасымалдаушы компания алдындағы қарызы 173 млн теңгеге жетіп отыр. Компания осыны алға тартып, барлық жеңілдіктерден бас тартуды және жолақы тарифін көтеруді көздеп отыр.

Руслан Жылқаманов, «Автопарк» ЖШС ресми өкілі:

Біздің ойымызша, келе жатқан айдан бастап жеңілдіктерді алып тастаймыз. Сосын сол адам кәдімгі барлығымен бірдей төлейтін болады жол ақысын. Одан әрі тағы да ешқандай орнынан жылжымаса мына қойып отырған сұрағымыз онда тасымалдау бағасын көтеру жөнінде сұрақты қоямыз әкімдіктің алдында. Басқа қалалармен бірдей қылып. Мына Қарағанды, Астана сияқты 80-90 теңге қылып.

Шенеуніктер «тасымалдаушы мекеменің бұл шешімі заңсыз» - дейді. Себебі жол ақысының көлемі мен жеңілдіктер облыстық мәслихат сессиясында бекітілген. Жыл басында өткен тендерде де бұл мәселе ашық жарияланған, тіпті келісім-шартқа қол қойылып, жергілікті бюджет тарапынан берілетін субсидия көлемі мен бөлінетін мерзімі де ескертілді.

Осыған орай қоғамдық көлікте жүру құны бір жақты шешіммен өзгермейді деп кесті.

Нағымжан Алдияров, Ақтөбе қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі:

Сессия үстіміздегі жылдың 27-ақпанында өтті. Облыстық мәслихаттың шешімін Әділет басқармасына тіркеуге жолдадық. Қазіргі таңда аталмыш нормативтік құжаттар тіркелгеннен кейін тапсырушы тараптар тасымалдаушылар өткен кезең бойынша, яғни, қаңтар-ақпан айларына ұсынылған есептер бойынша қаржы көлемі аударылды. «Автопарк» ЖШС 167 млн көлемінде. Жеңілдіктердің күшін жою туралы хабарламасы заңсыз деп есептейміз.

Мансұр ЕСХОЖИН