Русский Сайттың толық нұсқасы

Францияда ұшақ апатында қаза тапқан қазақстандық азаматтардың денесін жеткізу шаралары қолға алынды

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2015
  • 1082

Францияда апатқа ұшыраған ұшақта болған қазақстандық азаматтардың денесін елге жеткізу үшін тиісті шаралар қолға алынды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Франция мен Германияның құзырлы органдарымен байланыс орнатты - деп, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі хабарлады.

Орта жолда опат болған ұшақ жолаушылары арасында болған Иманғалиевтардың Шығыс Қазақстан облысының тумалары екені белгілі болды. Алайда ата-ана мен жас жігіттің шетелге не мақсатпен сапарлағаны туралы дерек жоқ.

Сондай-ақ, Министрлік апатта көз жұмған тағы бір әйел Қазақстан азаматшасы болуы мүмкін деген ақпаратты анықтау үстінде.

Нұржан Айтмаханов, ҚР СІМ ресми өкілі:

Қазір біздің Германиядағы һәм Франциядағы елшілігіміз сол елдің билік өкілдерімен байланыс орнатқан. Сол қайтыс болған азаматтарымыздың мәйіттерін айқындау және кейін оларды елге оралту мәселесін пысықтап жатыр. Сонымен қатар Германияның билік өкілдерінің хабарлауынша, сол борттың құрамында тағы бір азаматтың болуы мүмкін, Елена Блес. Қазір сол азаматшаның Қазақстанның азаматы немесе еместігі тиісті мемлекеттік органдар тарапынан тексеріліп жатыр.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұшақ апаты салдарынан қаза тапқан отандастарымыздың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы марқұмдардың отбасыларына қажетті көмек көрсету жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ