Русский Сайттың толық нұсқасы

Көктем Шығыс Қазақстанға сарқынды суымен келді

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2015
  • 1442

Шығыс Қазақстан облысы орталығында күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынның молдығынан аяқ алып жүру мүмкін болмай тұр. Қазір Өскемендегі барлық коммуналдық қызметтер кәріз жүйелері мен арықтарды аршуға жұмылған. Алайда, олар үсті-үстіне еріген қар суын тазалап үлгере алмай жатыр. Жер үйлерде тұратын тұрғындар баспаналарын су басып қалмас үшін тасқынды тиюға өз бетінше кірісіп кетті.

Кеше ғана көктайғақ болып жатқан жолдар бүгін көлшікке айналған. Ағынды сумен арпалысқан өскемендіктер қолдарына күрек, кетпенін ұстап көшеде жүр. Көліктердің де жүрісі баяу. Тіпті арнайы техника шаһардың орталығындағы суды сорып үлгере алар емес.

Тұрғындар судың бетін қайтару үшін мынадай терең арықтар қазып, амалдауда. Өзендердің деңгейі бақылауға алынған. Ал төтенше жағдай қызметі мамандарының телефонына тыным жоқ. Олар техниканың жетіспей жатқанын айтады. Ал су ағатын жүйелер әлі күнге мұз құрсауында. Сондықтан мұндағылар ең әуелі көшелерді, теміржол мен көпірлердің маңайын тазартуда.

Павел Мельников:

Теміржол жаққа өтетін жолдарды жедел тазарту керек. Су өтпеу керек. Қалай тазаламай қойып еді, солай су басты. 

Шағын өзендерде мұздың көшуі белең алған. Қазір қаладағы барлық су тораптары жабық. Су қоймаларының маңында бақылау бекеттері қойылған.

Александр Ломыгин, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:

Күннің күрт жылынуынан  жазықтар мен ойпаттарда қар еріді. Жауын-шашын жүріп, кішігірім су тасу оқиғалары да орын алды. Барлық қызмет түрі жоғары деңгейдегі дайындыққа көшті. Қосымша автоцистерналар мен адамдарды да тарттық.

Су тасқыны жауын-шашынның молдығынан да орын алуы әбден мүмкін. Бүгінде облыстағы 300-дей елді мекен қауіпті аймақта орналасқан.  Әзірге еріген судан, анау айтқандай, қатер төніп тұрған жоқ. Бірақ апат айтып келмейтінін ескерсек, табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру үшін, жоғары дайындық керек.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ