Қарағанды облысында 140-тан
астам үйді су басып қалды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент
дерегінше, жағдай әсіресе Шет, Қарақаралы, Жаңаарқа, Бұқар жырау аудандары мен
Қаражал қаласында күрделі. Құтқарушылар мал-жанды қауіпсіз жерлерге көшіріп, бөгеттерді
күшейтіп жатыр. Ағадыр кентінде қызыл су 100 шақты үйді басқан. Жыра-жылғалар
жаңбыр мен еріген қар суына төтеп бере алмай қалды. Қазіргі таңда су сорылып,
жолдар тазартылуда. Ал, Қаражал қаласында 3 бірдей көпқабатты үйді су басқан.
Жаңаарқа ауданының Атасу стансасында 33 үй су астында қалып отыр. Тағы 69
тұрғын үйге тасқында қалу қаупі төніп тұр. Қарқаралы ауданының Матақ, Бүркітті,
Қаракөл ауылдары да бақылауға алынды. Қауіпті өңірлерде төтенше жағдайлар
департаментінің жедел-құтқару топтары жұмыс істеуде. Тұрғын үйлер бүлінгенімен,
зардап шеккен адамдар туралы дерек жоқ.
Қуаныш Муталлапов, Қарағанды облыстық
ТЖД бас маманы:
Қазіргі таңда жедел-құтқару
топтары, ең бастысы - судың ары қарай үйлерді баспауы үшін, кішігірім
дамбаларды күшейтіп, судың айналып өтуіне көмектесіп жатыр. Су сору жұмыстары
жүргізілуде.
Айжан ҚУАШ