Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында су тасқынынан 250 адам құтқарылды

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2015
  • 1100

Қарағанды облысында 250 адам су басқан аумақтан қауіпсіз жерлерге көшірілді. Қазір аймақта су астында қалған үйлер саны артуда. Бұл туралы бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері хабарлады. Департамент мамандарының айтуынша, жағдай Шет, Қарақаралы, Жаңаарқа аудандары мен Қаражал қаласында күрделі. Құтқарушылар сақтық шараларын барынша күшейтуге кіріскен.

Жаңаарқа ауданындағы Жаман-Сарысу өзенінде су деңгейі күрт көтеріліп, 36 тұрғын үйді су ала бастаған. Құтқарушылар 145 тұрғынды қауіпсіз аумаққа көшіріп үлгерді. Ал, Қарақаралы ауданындағы Тоқтар Әубәкіров атындағы ауылда да жағдай күрделі. Еріген қар мен жауын-шашынның салдарынан 20 үй ауласымен бірге су астында қалды. Шет ауданындағы Ағадыр кентінде 38 үй мен 90 аула аумағын су басты.

Елді мекендер тұрғындары мектеп-интернаттар мен туыс-туғандарының үйлеріне орналастырылды. Қазір құтқарушылар тобы жыра-жылғалар мен су құбырларын қоқыс пен мұздан тазартып, құм себуге кіріскен.

Қуаныш Муталлапов, Қарағанды облыстық ТЖД бас маманы:

Қазіргі таңда Жаңаарқа, Шет аудандарында 400 техника, 71 құтқару топтары су басқан жерлерді тазартып, құм себу жұмыстарын атқарып жатыр. 250-ден астам құтқарылды, оның 40-ы - бала.

Айжан ҚУАШ