Қазақстан
Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Алматыға аттанып, сайлаушылармен
кездесті. Президенттіктен үміткер минералды және ауыз су шығаратын компанияның
еңбек ұжымына барып, сайлауалды тұғырнамасын жариялады. Экологиялық және
өнеркәсіптік қауіпсіздік жайында мәлімдемелер жасады.
Әбілғазы
Құсайыновтың үгіт-насихат жұмыстарын дәл осы минералды және ауыз су шығаратын
кәсіпорыннан бастауы тегін емес. Өйткені бұл жерде экологиялық, өнеркәсіптік
қауіпсіздік мәселелері аса маңызды. Ал Құсайыновтың сайлауалды бағдарламасы
экология, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қамтып, соның негізінде
азаматтардың жайлы өмірге қол жеткізуін көздейді. Үміткер әлемдегі экологиялық
ахуалды бір шолып өтті. Экологиялық түйіткілдерді шешу жолдарын да түсіндірді.
Рүстем
Жоламан, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сайлауалды штабы жетекшісі:
Әбілғазы
Құсайынов «ОБИС» компаниясы еңбек ұжымымен кездесуінде сайлауалды тұғырнамасын
түсіндіріп шықты. Жаһандық экология мәселелері, оның ішінде озон қабатының бұзылуы
мен жердегі қарашіріктердің ластануы тақырыптары қозғалды. Қазір экология
мәселесі мүлде ұмыт болып бара жатыр. Бұрын оған баса мән берілетін. Бүгінде
экология ғана емес, жалпы жаратылыстануға деген адамзаттың көзқарасы өзгерді.
Салдарынан өсімдіктер және жануарлар әлемі зардап шегуде. Мұның адамдарға да
ықпалы болары анық. Сондықтан экологияны ғылым деп қана емес, мәдениет пен
пәлсапа ретінде қарастыру керек, - дейді Әбілғазы Құсайынов.
Президенттікке
кандидат Әбілғазы Құсайыновтың айтуынша, қазіргі экологиялық саясат
модернизацияны қажет етіп тұр. Осы бағытта азаматтық қоғам рөліне ерекше көңіл
бөлу қажет. Яғни әлемдік өсім қалдығы аз технологиялар арқылы жүзеге асуы
тиіс. Экологиялық таза технологиялар қоршаған ортаға ұқыпты қарап, өмір сапасын
арттыруға көмектеседі, дейді кандидат.
Әбілғазы
Құсайынов экологияны ғылыми тұрғыда дұрыс қарастыру қажет дейді. Өйткені ол
тек физикалық және биологиялық құбылыстардың ғана емес, жаратылыстану мен
жалпы адамзат арасындағы алтын көпір болып табылады.
Жиында
өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесі де сөз болды. «Заңда өнім мен процестердің
қауіпсіздігі туралы және көп деңгейлі стандарттар мен сертификациялар туралы
ережелер анық жазылған. «Менің мақсатым - осы ережелердің ашық және дұрыс
жүзеге асуына қол жеткізу», - деді кандидат. Оның айтуынша, кәсіпорын өз қызметіне
жүйелі қоғамдық бақылау жүргізілуін қамтамасыз ету керек. Техникалық регламент
талаптарының орындалуы іс-жүзінде жүзеге асуына қол жеткізу өте маңызды. Яғни өнеркәсіптік қауіпсіздік сынағынан өтуші нысан осы талаптарға сәйкес болуы
керек, - деп сөзін түйді Әбілғазы Құсайынов. Қазақстан президенттігіне өзін өзі
ұсынған кандидаттың Алматыдағы тағы бірнеше еңбек ұжымымен кездесуі
жоспарланған. Ал сайлауалды үгіт-насихат тобының одан кейінгі бағыты -
Қостанай облысы.
Айгүл ӘДЕПБАЙ