Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекудегі көне қонақүй ғимараты сатылды

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2015
  • 1231

Кереудегі ескі қонақүй ғимараты коммерциялық тендер бойынша сатылды. Арнамыздың тілшісіне бұл ақпаратты  қаржы басқармасының өкілдері растады. Бірақ 105 жылдық тарихы бар нысанды кімнің сатып алғаны және қанша қаражатқа сатылғаны белгісіз.

Бұл ақпарат келісім-шартқа қол қойылған соң жария болмақ.
Екі қабатты ғимарат 20-шы ғасырдың басында Павлодардың қақ ортасында бой көтерді. Әуелде қонақүй негізінде салынған нысан, кейін әлеуметтік мекеме ретінде халыққа қызмет көрсетті.

Алайда, 90-шы жылдары жылыту жүйесінде болған апаттан соң, нысан қаңырап бос қалған. 2012 жылы жергілікті билік ескі ғимаратты мемлекет қорғауындағы ескерткіштер санатынан алып тастады. Ал былтыр оны сүріп тастау туралы шешім қабылданған.

Бірақ, қоғам белсенділері  бұл шешімге қарсы шығып, қол жинаған еді. 600-ге жуық павлодарлық қол қойған шағым-хат өңір басшысы Қанат Бозымбаевқа жолданды. Бұқараның назарын аударған мәселені билік оңтайлы шешеміз деп сендірді.

Құрылған арнайы комиссия мұнда Кереку тарихынан сыр шертетін мұражай ашуды жоспарлаған болатын. Дегенмен, осы айдың басында қаржы басқармасы аумағы бір жарым мың шаршы метрді құрайтын ғимаратты сатылымға қойды.

Оның бастапқы құны 27 млн теңге деп белгіленді.

Әсем МҰХИТОВА