Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандының «Сарыарқа» клубы тағы да ұтылды

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2015
  • 1462

«Сарыарқа» клубы тағы да ұтылды. «Плей-офф» ойындарының жартылай финалында сынға түсіп жатқан Кирилл Двуреченскийдің шәкірттері Нефтекамск қаласының «Торос» клубына қатарынан екі ойында есе жіберді.

Қарағандының «Сарыарқа» командасы жеңілістен көз ашар емес. «Братина» кубогы жолындағы жартылай финалда Кирилл Двуреченскийдің шәкірттері Нефтекамск қаласының «Торос» клубына екі кездесуде жол беріп қойды.

Алғашқы ойында 3-2 есебімен ұтылған қазақстандық ұжым қарымта кездесуде 2-1 есебімен есе жіберіп қойды. Дегенмен бұл ойындағы алғашқы шайбаны айдын иелері Александр Зубрицкийдің көмегімен соқты.

Бірақ, қуаныш көпке созылмады. Қарымта шабуылға шыққан қонақтар екі шайбамен жауап қайтарды. Алдымен, Василий Модвинов таразы басын теңестірсе, келесі сәтте әріптесінің пасын голға ұластырған Кирилл Никоноров командасына жеңіс сыйлады.

Екі команда арасындағы тағы екі кездесу енді Нефтекамск қаласында өтеді. Егер дәл осы ойындарда «Сарыарқа» командасы ұтылатын болса, онда қазақстандық клуб жарыс жолынан шығып, өткен жылы ұтып алған чемпиондық атағын қорғай алмайды.

«Астана» баскетбол командасы да жанкүйерлерін қуанта алмады. Ресейдің біртұтас лигасының кезекті турында Мәскеу облысының «Химки» клубына қонаққа барған Рамунас Бутаутастың шәкірттері ірі есеппен ұтылды.

Кездесу басынан тура соққылармен ерекшеленіп, қорғаныста қателікке бой алдырмаған ресейлік клуб үлкен үзіліске  15 ұпай айырмашылығымен кетті. Ойынның екінші жартысы да алаң иелерінің басымдығымен өтті.

«Астана» командасының ойыншылары жиі қателесіп, сүреңсіз өнер көрсетті. Мұндай мүмкіндікті ұрымтал пайдаланған «Химки» баскетболшылары ұпай санын арттырып, 93-64 есебімен жеңіске жетті.

Бұл сәтсіздігінен кейін Рамунас Бутаутастың шәкірттері турнир кестесінің 10-шы сатысына ығысты. Келесі кездесуін «Астана» командасы тағы да сырт алаңда өткізеді. Бұл жолғы қарсылас Минск қаласының «Цмоки-Минск» клубы.

Самат ҚАНАҒАТОВ