Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысы Жыланды ауылында 43 үй су астында қалған

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2015
  • 3123

Қарағанды облысында су тасқыны басылмай тұр. Ұлытау ауданының Жыланды ауылында су астында қалған үйлердің саны 43-ке жетті. Ал Қарқаралы ауданының Матақ, Тоқтар Әубәкіров атындағы ауылдарында топан су тоқтар емес. Бұл туралы Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлытау ауданындағы Жыланды ауылында Сарысу өзені арнасынан тасып, оған жылғаны толтырған топан су қосылды. Екі жүздей адам қауіпсіз жерлерге көшірілген. Тұрғындардың басым бөлігі ауылдық мектепке жеткізілген. Құтқару топтары бөгеттерді бекітіп, жиналған суды сорғызуда.

Ал, Қарақаралы ауданында жағдай күрделі. Матақ, Тоқтар Әубәкіров атындағы ауылдарда топан су елді мекендердің бір шетінен екіншісіне жеткен. Аталған ауылдарда барлығы 55-тен астам үй мен аулаларды су басты.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысының Қарқаралы, Шет, Бұқар жырау аудандарының он шақты ауылы мен Ағадыр, Қаражал кенттерінің жүздеген үйлерін су басып қалған еді. Демалыс күндері аймақта қалың қар жауып, боран соқты. Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, ауа райының құбылмалы күйі жағдайды тіпті қиындатуы мүмкін.

Қуаныш Муталлапов, Қарағанды облысы ТЖД ресми өкілі:

Күн күрт жылынып, жаңбыр жауатын болса, су тасқынының екінші толқыны басталуы мүмкін. Сондықтан тұрғындарға айтарымыз, егер аяқ астынан ауылға су басып кіретін болса, ең алдымен құжаттарды, құнды заттар мен жеңіл дүниелерді алып, үйден кетуге, құрғақ жерге шығуға тырысу керек.   

Айжан ҚУАШ