Русский Сайттың толық нұсқасы

Өткен демалыста Оңтүстікте қар жауды, Ақтауда шаң көтерілді

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2015
  • 2975

Ауа райы - дүйсенбіде ең көп талқыланған тақырып. Наурыз мейрамынан кейін көктем лебін күткендер күннің күрт суытқанына алаңдады. Ол да негізді. Еліміздің бірнеше аймағы әлі қар құрсауында, демалыс күндері республикалық жол қатынасы кей өңірлерде тоқтатылды. Ал ауа температурасы минус 18-20 градусқа дейін төмендеді. Бұл уақытта Ақтауда шаң араласқан дауыл көз аштырмай тұр... Сәуір болмай, тәуір болмайтыны туралы  - Ришат Асқарбекұлы баяндайды. 

Алматыда кеше жаңбыр соңы қарға ұласты. Толассыз төпелеген қардың қалыңдығы қалада 20 сантиметрге, ал таулы аймақтарда 30 сантиметрден асқан.

Қалалық коммуналдық қызмет өкілдері қар толастағанша, тазалау жұмыстарын жүргізе алмады. Тек түске жақын арнайы техникалар көшеге шықты.

Еркебұлан Оразалин, Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасы басшысының м.а.:

Түнгі және күндізгі уақыттарда аудан әкімшіліктерінде кезекшіліктер қарастырылған. 

Қолайсыз күн райы кесірінен мегаполисте жол-көлік оқиғалары да жиіледі. Қалалық ішкі істер департаментінің мәліметінше, бір тәулікте 15 автокөлік соқтығысқан. Жүргізушілердің көбі қыстық дөңгелектерін жаздыққа ауыстырып үлгерген - дейді құзырлы орын өкілдері. Сол сияқты Петропавлда да қалааралық жолдарында қасат қар көлік қозағалысын қиындатты. Көшедегі көк мұз жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына қиындық тудырып отыр. 

Тазалап тұрса, игі болар еді. Себебі мынау үлкен кісілер, жас балалар бар деген сияқты. Солар көбінесе қиналады. Көлікпен, жаяу жүргенде көріп тұрамыз. Өзіміз де қиналамыз.  

Мирас Сабағанов, Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ММ бас маманы:

Коммуналдық қызметтер құмды алдымен қоғамдық көліктер жүретін жолдарға және көпір маңайларына себеді. Ал жаяу жүргіншілердің жолдарына құмды таңғы тоғыздан кешке дейін төсейді. 

Қарағанды облысының аумағында да 400-ге жуық жүк көлігі қаңтарылып тұр. Олар көктайғақ пен қатты бораннан соң Алматы -Екатеринбург тас жолының жабылуына орай, осында  аялдауға мәжбүр болған.

Павел Кутузов, көлік жүргізуші:

Бішкекке  бөрене апара жатырмын.  Екі тәулік бойы ұстап отыр. Бергі жақтан  жолды жапқанымен, арғы жақтан көліктер келіп жатыр.  Далада  аяз күшті. Жанармай мен тамағымыз таусылды. Не істерімізді білмей тұрмыз. 

Ал Маңғыстау облысының орталығында елді сары құм әбігерге салды. Желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жеткен. Ақтау әуежайына шаңды бұрқасыннан ұшақтардың қонуы да қиындады. Астархань-Ақтау рейсі мен Алматыдан ұшып шыққан тағы екі ұшақ қосалқы әуежайға қонуға мәжбүр болды. Ал облыс орталығынан Махачкала бағыты мен Алматыға ұшуы тиіс бірнеше рейс әуеге көтеріле алмаған. Ақтау - Жетібай бағытындағы тас жолда вахтаға шыққан жұмыскерлер мінген автобус апатқа ұшырады. Жел тербеген көлік аударылып, 24 мұнайшының төртеуі ауруханаға жеткізілді.

Тараз бен Шымкентте көктемгі жылымықтың шырқын жапалақтап жауған қар бұзды. Өткен түні оңтүстікте ауа температурасы минус 14 градусқа дейін төмендеген. Ауа райындағы ауытқушылық әсіресе жеміс-жидек өсірушілерден маза қашырды.

Бексұлтан Шарахымбаев, «Қазгидромет» РМК ОҚО инженер-агрометеорологы:

Алдағы уақытта суық ауа температурасы бір-екі күн сақталатын болса, жеміс ағаштарына зиянын келтірмей қоймайды.  

Бұл өңірде өрік, шие, алма ағаштары гүлдеп үлгерген болатын. Соңғы 70 жылдан кейін қайталанған жағымсыз ауа райы биыл шымкенттіктерді аталған жеміс-жидектерден қағуы мүмкін. Синоптиктер тек сәуірдің екісінен кейін ғана күн ашылатынын болжады.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, Айжан ҚУАШ, Абзал ҚҰРМАНКИН