Түркияда доңыз тұмауы өршіді.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы екі аптада 21 адам Н1N1
вирусының құрбаны болған. Жалпы жыл басынан бері 42 адам доңыз тұмауынан көз
жұмған. Сондай-ақ, министрлік Түркиядағы
тілшімізге төрт жүзден аса науқас аталған дертке шалдығып, қазір ем қабылдап
жатқанын айтты.
Анадолы халқын алқымнан
алған тұмау Ыстамбұл қаласының тұрғыны Мұстафа Иылмаздың да отбасын айналып
өтпеді. Күтпеген жерден ол анасынан айырылып қалған.
Мұстафа Иылмаз:
Ойламаған жерден болды. Әкем
екеуі Анталиядан демалып келгесін, жөтеле бастады. Аздап қызуы көтерілгесін, емханаға апардық. Ауруханаға жатқызды. Үш күннен соң сол жерде көз жұмды.
Дәрігерлер: «Қан құрамынан қауіпті дерт - доңыз тұмауының белгілері кездесті», -
деді.
Түркия денсаулық сақтау
министрлігінің дерегінше, доңыз тұмауы Ыстамбұл, Анталия, Самсун, Сивас және
Чанаккале қалаларында таралып отыр. Қаза тапқандар да осы өңірлерден. Әлемдегі
ресми деректерге сай, тұмаудың бұл түрі 65 жастан асқандар үшін аса қауіпті.
Дегенмен, Түркияның бас дәрігері соңғы аптада қайтыс болғандардың он сегізі 22
мен 55 жас аралығында болғанын айтады.
Мехмет Мүезиноглұ, Түркияның
денсаулық сақтау министрі:
Қазіргі күні еліміз бойынша
Н1N1 вирусын жұқтырған 400-дей науқас дәрігерлердің бақылауында. Бұдан бөлек, В
және Н3N2 вирусымен тіркелгендер бар. Қолдан келгенше, аурудың алдын алып
жатырмыз.
Дәрігерлердің айтуынша,
ауру белгілері кәдімгі тұмауға ұқсас. Адамның қызуы көтеріліп, жоғарғы тыныс
алу жолдары қабынып, қалтырайды. Күніне ең азы 30 мың турист қабылдайтын
Ыстамбұл қаласында қазір дәрігерлердің есігін қағатындардың саны артқан. Айта
кетейік, жаһан ақпараттарына сай, дәл осы доңыз тұмауы бүгінде Еуропаның
оңтүстігінде де асқынып тұр.
Герси Алиша, дәрігер:
Мексикадан шыққан бұл тұмау биыл біз күткен уақыттан ерте жетті. Оның себебі анықталуда. Болжам бойынша,
Еуропадан келген. Н1N1 вирусы адам бойына тез тарап, өз құрбанын ұзаққа
апармайтын ауру. Бұның нақты емі жоқ. Сол үшін тек алдын алу керек.
Дәл осыған ұқсас оқиға Түркияда
2009 жылы болды. Ол кезде вирус 420 жуық адамның өмірін жалмады. Жағдай
қайталанбауы үшін, ел билігі 6 миллион адамға Н1N1 вирусына қарсы екпе әзірлеп
отыр.
Самат СҮЛЕЙ